Мамандықтың оңайы болмайды. Әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Солардың арасында қаржыгерлік қызығы мен қиыншылығы бірдей жүретін, жүгі ауыр кәсіп саналады. Басқасын былай қойғанда, мемлекеттің қаржысы жауапкершілікті екі есе арттырады. Бір цифрдың бүлігі бүткіл есепті бүлдіретінін біліп, саналы түрде әрі сыни тұрғыдан қарап, сапаға жеткізуді мұрат ететін мақсатқа мойынсынады.
Бұл жерде біліктілік, шеберлік қысқа уақытта қалыптаспайды, ол үшін ұзақ мерзім, мол тәжірибе және қажырлы еңбек қажет.
Сыр бойында қаржы саласының корифейлері жеткілікті. Солардың арасынан Бименді Баймаханов, Камал Шөкенов, Қалқазбек Әжібековтің ізін ала Құттықожа Ыдырысов қаржы саласының майталманына айналды. Ол – есеп-қисапқа жүйрік, жұмыста жауапкершілігі жоғары маман ретінде шаруашылықтағы қарапайым есепшіден басқарма, департамент басшысы, облыс әкімінің орынбасары лауазымдарына көтерілген кісі. Одан кейінгі жылдарда Парламент Мәжілісінің екі шақырылымына депутат болып сайланған қайраткер бүгінде тірі болғанда 75 жасқа толар еді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қай салада болмасын білікті мамандарға сұраныс арта түсті. Сондай кезде ардақты ағамыз облыстық қаржы басқармасына қарасты бөлімде қызмет істеді. Қаржы тапшылығына байланысты бағалы қағаздарды айналымға жіберіп, бартерлік жүйеде де өз биігін байқатты.
Мемлекет алдындағы экономикалық міндеттерді жүзеге асыруда қаржы секторының алар орны ерекше болса, өңірдің экономикалық қуатын еселеп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қаржыгер Құттықожа ағамыздың арқау ісі көп, жемісті еңбегімен ел есінде қалды.
Құттықожа Ыдырысұлын тәлімгерім деп санаймын. Мойынға жүктелген міндетке мойымаған кәсіби маман, оның іс-тәжірибесі, ұзақ жылғы еңбек өтілі саланың білгірі болғанын байқатып тұрды. Көңіл төрінде сақталған азаматтық келбеті, жылы жүзі мен сабырлы сөзі, ағалық ақыл-кеңесі, шәкіртке деген шапағаты естен кетпейді. Жұмыс барысында көмек сұрағанда түсіндіруден жалыққан емес, түйінді мәселені тарқатудың алгоритмін жасаушы еді. Бізге әрдайым ойлануға идея қосып, сол арқылы жұмыстың жауапкершілігі мен алдағы нәтижесіне қол жеткізудің қолайлы шешімін іздеуге үйретті. Онымен жұмыс істеу өте қызық және әрқашан талапты ұшқырлап, жемісті жолға жетелеп отыратын. Әсіресе, талдау жасау басты бағдары болатын. Кез келген есеп талдаусыз өтпейді, бірнеше нұсқа қарастырады. Мұның тиімділігі зор екенін танытып, бізді сол бағытта баптады. Бұл өз ісіңе деген сенімді күшейтті, жұмыс нәтижесін нығайтты.
Ұжыммен тонның ішкі бауындай біте қайнасып, әріптестеріне қарапайым, кішіпейіл, көпшіл мінезімен сыйлы болды. Кешірімшіл еді, күліп жүретін, кек сақтамайтын.
Құттықожа Ыдырысұлы біздің бөлімнің басшысы, облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары, облыстық қазынашылық департаментінің бастығы, облыс әкімінің орынбасары, қаржы басқармасының басшысы болған кезде де табиғи қасиеттерінен бір мысқал ауытқымай, кісілік пен кішілікті қатар ұстанды. Өзінің жауапты жұмыс майданында шыңдалған, еселі еңбектің қазанын қайнатқан қызметтік жолындағы кәсіби шеберлікті, адами қарапайымдылығын сақтап өтті. Өз кәсібін сүйгені сонша, көшеде келе жатса да әріптестеріне кеңесін аямайтын, ешбір қателікке жол бермеуге үндейтін.
Қазақта «Жақсы адам – жұрттың ырысы» деген даналық сөз бар. Рас сөз. Тәжірибелі басшыдан тәлім алған шәкірттері ақылман ағаға деген шексіз құрметі мен алғысын әлі күнге дейін білдіріп келеді. Солардың бірі – өзім. Бүгінде біз мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарып жүрсек, оған ұстазымыздың ұлағатты жолы себепкер болды. Ол үнемі: «Қаржыгер бойындағы байлығы – оның есте сақтау қабілеті және шығыс пен кіріс құжаттарына мұқият болу. Сонымен қатар қаржыны игере біл, игілікке пайдалануға жол аш» дейтін. Міне, жақсы адамның ырысы деген осы.
Абзал ағамыздың арамыздан ерте кеткені өкінішті, әйтпесе аймақты дамытуға оның ықпалы зор еді. Саналы өмірін қаржы жүйесінде қызмет етуге арнаған азамат биігінде асқақ тұр.
Гүлнар БАЙМАХАНОВА,
Қызылорда қалалық қаржы
және бюджетті жоспарлау
бөлімінің басшысы





