Құрылтай

Қаскелеңде жаңа туған үшемнің бәрі шетінеп кетті 

15

0

Фото: pixabay

КТК телеарнасының дерегінше, 28 жастағы келіншек үш ұлды дүниеге әкелген.

Қазір жүктіліктің 25-аптасында дүниеге келген үшемнің шетінеп кетуіне қатысты оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр, деп хабарлайдыinbusiness.kz сайты.

Туған-туыстарының сөзінше, нәрестелердің екеуі бірден шетінеп кеткен, ал үшінші сәбидің қайтыс болғанын әкесі кейіннен білген. Отбасы мүшелері балалардың өлім себебі түсіндірілмегенін айтып отыр.

Үш ұлынан айырылған отбасының жақындары әйелге кесарь тілігін жасау ұсынылса да, кейін босану табиғи жолмен өткенін айтады. Олар қайғылы жағдайға байланысты жан-жақты тексеру жүргізуді талап етіп, полицияға арыз жазған.

Ал Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының баспасөз қызметі дәрігерлердің барлық әрекеті медициналық хаттамаға сәйкес жүргізілгенін мәлім етті. Аурухана мәліметінше, әйел медициналық мекемеге шұғыл түрде жеткізілген.

Мамандардың айтуынша, мұндай ерте мерзімде үшемді дүниеге әкелу – аса ауыр жағдай. Нәрестелердің салмағы өте аз болған. Мұнымен қоса, олардың өкпесі, орталық жүйке жүйесі мен өмірлік маңызды ағзалары толық қалыптасып үлгермеген.

Қазір полицияға түскен арыз бойынша оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.