Құрылтай

Қазалы ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары қолға алынды

5

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Өткен жылдың қазан айында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйімен танысу барысында тұрғындармен кездескен болатын.

В.Счастнов және Желтоқсан көшелерінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары аулаларға автотұрақ пен жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесін көтеріп, жаңбырлы күндері көліктің кіріп-шығуы мен тұрғындардың жүріп-тұруы қиындайтынын айтып, осы мәселені шешіп беруді сұраған еді.

Тұрғындардың өтініші ескеріліп, биыл облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қолдауымен аудандық бюджет есебінен 47 миллион теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде наурыз айында Желтоқсан және В.Счастнов көшелерінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, автотұрақтар мен жаяу жүргіншілер жолдарын салу жұмыстары қолға алынды.

Бүгінде мердігер мекеме – «Энергия Строй Монтаж» ЖШС тарапынан аулаларға асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс қарқынды жүргізілуде.

Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов нысан басына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен сапасын бақылап көрді. Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне тұрғындардың сұранысына сай қолға алынған жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң тапсырды.

Көп жылдан бері шешімін күткен мәселенің жүзеге асып жатқанына тұрғындар ризашылықтарын білдіріп, аудан басшысы мен құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан азаматтарға алғыстарын жеткізді.

Аудан әкімі инфрақұрылымды дамыту – халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын кезең-кезеңімен жаңғырту және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Қазалы ауданы әкімдігі