Қазалы ауданында «Ұлттық спорт күні» аталып өтілді

6

0

Фото: Қазалы ауданы

Бүгін Қазалы ауданында Наурызнама онкүндігіне сәйкес 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай аудан орталығы мен барлық ауылдық округтерде тағылымды шаралар өткізілді.

Әйтеке би кентіндегі Орталық алаңда өткен «Ұлттық спорт – ел мәртебесі» атты шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов қатысып, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Сондай-ақ Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде Наурыз мерекесі Наурызнама тұжырымдамасы негізінде әрбір атаулы күн аясында кең көлемде аталып өтіп жатқанын жеткізді.

Орталық алаңда жиналғандар қазақ күресі, қол күрес, тоғызқұмалақ, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту және гір көтеру сынды ұлттық спорттың 7 түрі бойынша бақ сынасты.

Шара барысында әрбір спорт түрінен үздік өнер көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мерекелік шара соңында қатысушыларға ұлттық спортты дәріптеудің маңызы түсіндіріліп, болашақ ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттау, елдің рухани мәдени мұрасын сақтап қалу мақсатында осындай іс-шараларды дәстүрге айналдыру керектігі айтылды.

Қазалы ауданының тұрғындары бірлік пен спорттық рухқа толы мерекеден көтеріңкі көңіл-күймен тарады.

Қазалы ауданы әкімдігі