Қазалыда жаңа жылдық шырша шамы жағылды

252

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Бүгін аудан орталығы – Әйтеке би кентінің орталық алаңында орнатылған жаңа жылдық бас шыршаның шамдары жағылды.

Жаңа жыл кейіпкерлері аяз ата мен ақшақар түрлі кейіпкерлермен бірге ескі қоян жылымен қоштасып, жаңа ұлу жылын қарсы алды. Осындай ерекше қойылыммен басталған шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз сөйлеп, аудан жұртын жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Еліміз тағы бір жылды еңсеріп, күнтізбеде жаңа жылдың бетін айқара ашқалы отыр. Ескі жылдың есіркеуі мен жаңа жылдың жарылқауын тілеп отыратын қазақ халқы үшін әр жылдың алар орны ерекше.

Сондықтан баршаңызды санаулы күндерден соң төрімізге енгелі тұрған Жаңа жылмен және шырша шырағының жағылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақта «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деген қанатты сөз бар. Біз де Жаңа жылға үлкен үмітпен қарап, берекелі іс пен баянды бақыт күтеміз.

Биыл ауданда ауқымды жобалар атқарылып, жүйелі жұмыстар жүрді. Келесі жылы да көптеген әлеуметтік жобалар іске асырылатын болады. Бастысы, елдің амандығы, ауыз бірлігі. Сондықтан осы бір шуақ шашқан отбасылық мереке баршаңызға бақыт, табыс, шаттық әкелсін, – деді аудан басшысы.

Аудан басшысының құттықтау сөзінен соң шырша шамдары жағылды. Биылғы шырша шырағын жағу құрметі Республикалық байқаулардың жеңімпазы, үздік, өнерлі оқушы, Е.Бозғұлов атындағы мектеп-лицейдің 7 сынып оқушысы Әлия Батырбекқызына бұйырды.

Шараны тамашалауға аудан тұрғындары мен қонақтары орталық алаңға көптеп жиналды. Ойыншықтар және түрлі-түсті шамдармен безендірілген шыршаны аудан жұрты тамашалап, балақайлар айнала би биледі.

Мұнан соң меркелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<