Қазалыдағы колледж жанынан жылыжай ашылды

847

0

Қазалы ауданындағы ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын колледж жанынан арнайы жылыжай ашылып, алғашқы өнімін бере бастады.


Өткен жылы құрылысы басталған жылыжайда әзірге қияр мен қызанақ қана өсіп тұр. Алдағы уақытта гүлдің түр-түрін өсіру жоспарлануда.


Жылыжайға егілген қияр мен қызанақты күтіп-баптау колледж директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Болат Садықовқа бекітілген.

Осыдан 2 ай бұрын егілген қиярдың қазір желегі жайқалып, пісіп тұр. Амандық болса мамыр айының аяғына дейін қызанақ та жеміс бере бастайды.


Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің директоры Темірбек Исмайловтың айтуынша, алдағы уақытта «Жылыжайда көкөніс өсіруші» мамандығын ашу жоспарда бар. Білім ордасында мұндай тәжірибе алаңының болуы болашақ мамандардың өз кәсібін жетік меңгеріп шығуына сеп болмақшы.


Студенттер жаңа технологиялардың, тамшылатып суарудың пайдасы қандай екенін, қандай процестер қолданған жағдайда жақсы өнім алуға болатынын үйренеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<