Құрылтай

Қазалылықтар Азия чемпионын құрметпен күтіп алды

48

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Қазалы жұрты бокстан Азия чемпионатында топ жарып, ел мерейін үстем еткен жерлесіміз Зарина Толыбайды зор қошеметпен қарсы алды.

Индонезия астанасы Джакарта қаласында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 19 жасқа дейінгі қыздар арасында +80 келі салмақта сынға түскен Зарина финалдық бәсекеде Үндістан спортшысы Пречи Токасты 3:2 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанған болатын.

Жеңімпаз спортшыны аудан тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алып, чемпионға деген ыстық ықыласын білдірді.

Жерлесімізді қарсы алуға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алиев арнайы барып, Заринаның жеңісі бүкіл Қазалы ауданы үшін үлкен мақтаныш екенін жеткізді.

– Заринаның бұл жеңісі – өзіне ғана емес, бүкіл Қазалы жұртына ортақ қуаныш. Жас спортшының табандылығы мен жігері өскелең ұрпаққа үлгі. Алдағы уақытта да көк туымызды көкке көтеріп, биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз, – деді аудан әкімінің орынбасары.