Қазақстанда жанар-жағармайдың қажетті қорлары толық көлемде қалыптасқан, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
— 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша республикада мұнай өнімдерін өндіру көлемі 3,7 млн тоннаға жетті, бұл ретте жылдық болжамды көрсеткіш 15,4 млн тонна деңгейінде белгіленген, — делінген министрлік хабарламасында.
Өндіріс құрылымында әлеуметтік маңызы бар отын түрлері негізгі орын алады: бензин шығару 1,6 млн тоннаны, ал дизель отыны шамамен 1,5 млн тоннаны құрады.
Нарықтың ағымдағы қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, Энергетика министрлігі елдің мұнай өңдеу әлеуетін түбегейлі арттыру бойынша ауқымды бағдарламаны іске асыруға кірісті.
Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын кеңейту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр:
Павлодар мұнай-химия зауытының қуаттылығын 5,5-тен 9 млн тоннаға дейін,
Шымкент зауытының қуатын 6-дан 12 млн тоннаға дейін,
ал Атырау мұнай өңдеу зауытының қуатын 5,5-тен 6,7 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасын жеделдетіп іске асыру шаралары қабылданып жатыр.
Осыдан бұрын Қазақстандағы бензин, дизель және автогаз бағасы қандай екенін жазған едік.






