Құрылтай

Қазақстанда талапкерлер енді грантқа өтінімді жаңартылған eGov жүйесі арқылы бере алады

6

0

Фото: egov-kz

Қазақстанда мемлекеттік білім гранты конкурсына өтінім қабылдаудың жаңартылған жүйесі іске қосылады. Енді талапкерлер құжат тапсырған кезде жүйе олардың конкурстан тыс грант алған-алмағанын автоматты түрде тексеріп, нәтижесін бірден көрсетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстанда мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтінім қабылдау 13–20 шілде аралығында өтеді. Құжаттарды eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн тапсыруға болады.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның мәліметінше, өтінім қабылдау 13 шілде күні сағат 09:00-де басталып, 20 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.

Биыл бұл қызмет жаңартылған. Енді жүйе талапкердің конкурстан тыс мемлекеттік білім грантын алған-алмағанын автоматты түрде тексереді. Тексеру Ұлттық тестілеу орталығының деректері негізінде жүргізіледі. Егер талапкерге грант бұрыннан тағайындалған болса, жүйе өтінім беру кезінде бұл туралы хабарлама шығарып, қайта өтініш берудің қажеті болмайды.

Ал қалған талапкерлер жалпы конкурсқа қатыса алады. Жеңілдік санатына жататын талапкерлердің мәртебесі де автоматты түрде расталады.

Өтінім беру үшін eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Білім беру гранттарын тағайындау, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету» қызметін таңдап, қажетті мәліметтерді толтырып, өтінімді қолжетімді тәсілдердің бірі арқылы растау қажет.

Құжат қабылдау кезеңінде порталға жүктеме жоғары болған жағдайда электронды кезек жүйесі іске қосылады. Кезегі келген кезде пайдаланушыларға 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі.

Өтінім тапсырылғаннан кейін eGov.kz порталындағы жеке кабинетте конкурсқа қатысқаны туралы электрондық анықтама қолжетімді болады. Ал конкурс қорытындысы бойынша 10 тамыздан кешіктірілмей талапкерлерге мемлекеттік білім грантының тағайындалғаны туралы электрондық сертификат немесе бас тарту жөніндегі хабарлама жіберіледі.

Бұл қызмет ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлесуімен іске асырылған.