Қазақстанның бірнеше өңірінде бүгін ауа райы күрт өзгереді. Бір жерде аптап ыстық +41°C-қа дейін көтерілсе, енді бір аймақтарда нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанада күн бұлтты болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің жылдамдығы секундына 7-12 метр болса, екпіні 15 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде +18…+20°C, күндіз +29…+31°C болады.
Алматыда жауын-шашын болмайды. Күн ала бұлтты, желдің жылдамдығы 3-8 м/с. Түнде +18…+20°C, күндіз +30…+32°C жылы болады.
Шымкентте де жауын-шашын болмайды. Алайда жел күшейіп, екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы +38…+40°C-қа дейін көтеріледі.
Жалпы, еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қатты нөсер, бұршақ және шаңды дауыл күтіледі. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде аптап ыстық +41°C-қа дейін жетіп, жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Мамандар тұрғындарға ауа райының қолайсыздығын ескеріп, алыс жолға шыққанда сақ болуға, ал күн қатты ысыған уақытта мүмкіндігінше көлеңкеде болып, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға кеңес береді.






