Сыр бойының өндірістік әлеуетін көтеруде мұнайшылардың, оның ішінде алғашқылардың еңбегі орасан. «Құмкөлдің» қазығы қағылғаннан бастап, оның ыстық-суығына төзіп, кен орнын ашуға атсалысқан ардагерлер туралы өскелең ұрпақтың білгені абзал.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Әлемді ғылым құтқарады – IV» ғылым айлығы, Ұлттық кітап күні аясында «Құмкөл» кенішін игерудің 40 жылдығына арналған «Ғалым Байманов» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Кітап «Мұнайшы» қоғамдық қорының «Қазақ мұнайының ардақтылары» атты өмірбаян сериясы бойынша жарыққа шыққан. Бұл серия ел экономикасының стратегиялық саласында ерен еңбек еткен ардагер мұнайшыларға арналған.
Кезекті кітаптың авторы, университеттің ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрлыбек Мыңжастың айтуынша, туындыда тек бір тұлғаның емес, Құмкөлдей қазыналы өлкенің ашылу тарихы, өңір экономикасының, техникалық ғылымы мен білімінің қалыптасу шежіресі жатыр.
Кен орнындағы алғашқы бұрқақтан басталып бүгінгі заманауи технологияларға дейін жалғасқан белесте мыңдаған маманның қажырлы еңбегі бар. Ал сол шаруаның басы-қасында жүріп, қызметтік тәжірибесі осы кітапқа арқау болған Ғалым Баймановтың жолы – өскелең ұрпаққа үлгі.
Тұсаукесерге «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Құлиев, мұнай-газ, энергетика саласының ардагерлері Орынбасар Алдабергенов, Серікбай Тоқпанбетов, Қабылбек Қыстаубаев, Серік Ажаров, Мұхит Кәрімбаев, «ҚазГермұнай» БК ЖШС департамент директоры Әділ Беклиев, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының жетекші энергетигі Ғалым Құрманбаев, студенттер қатысты.
Ғалым Байманов – «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарының иегері, 2015 жылдың үздік инженері, Сырдария ауданының құрметті азаматы, техника ғылымдарының кандидаты, университеттің құрметті профессоры. Осыдан 40 жылдай уақыт бұрын өңірдегі мұнай-газ кәсіпшілігінің негізін қалауға тікелей атсалысқан, 30 жыл бұрын университетте мұнай-газ мамандықтарының негізін қалауға мұнайшы-менеджер, ғалым-оқытушы ретінде зор үлесін қосқан. Оның өмір және еңбек жолы – жас ұрпақты елді сүюге тәрбиелейтін бірегей мектеп.
Жаңа кітап – болашақ инженерлер мен жас ғалымдар үшін құнды дүние, мұнай-газ саласының энциклопедиясы десек болады. Бұл туындыда «Құмкөлдің» 40 жылдық тарихы нақты деректер, құнды құжаттар, естеліктер арқылы түгенделгендіктен де құнды.
«СБ» ақпарат





