Құрылыс нысандарымен танысты

1218

0

Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков Жосалы кентінің кіре берісінде орналасқан «Мәңгілік Ел» монумент кешені мен «Қазақ елі» композициялық монумент кешендерін аралап, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.

Мердігермен кездесу кезінде атқарылып жатқан жұмыстар барысын көріп, құрылыс нысандарының кемшілік тұстарын айтып, сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

  – Мердігерлер құрылыс нысандарындағы жұмыстарын сапалы жасауға көңіл бөлуі қажет.  Ауданымызда жүргізіліп жатқан құрылыс нысандары «Нұр Отан» партиясы Қармақшы аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссияларының да назарында болуы керек деп есептеймін, – деген аудан басшысы үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында абаттандыру, көшелерді орташа жөндеу мен жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылатынын жеткізді. Сонымен бірге жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды көздейтін бағдарламада жоспарланған жұмыстардың сапалы жүргізілуі маңызды екенін атап өтті. Бұл жұмыстардың барлығы халық игілігі үшін іске асып жатыр. Жоба аясындағы атқарылатын жұмыстар тұрғындар сұранысына сай болуы керек.

 Бүгінгі күні «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Қармақшы ауданында 40 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен бірге а 6 әлеуметтік нысан құрылысы, елді-мекендердегі 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары, 4 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу, 14 көшеге жарықтандыру жұмыстары, 3 нысанға абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрақты және уақытша жұмыс орындарын ашу жоспарланған.

Жосалы кенті мен Төретам кентіне спорттық тренажерлық және стритболдық алаңдарының құрылысы, Төретам кентіндегі 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Негізгі қаржы ауданның инженерлік-көліктік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.

 Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауданда тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылып, жұмыссыздық деңгейі төмендейді деп күтілуде.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<