Құрылтай

Қысқа қамданған қапы қалмайды

18

0

Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында бой көтерген жаңа жылу-электр орталығы 240 мегаватт электр, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Орталық құрылысына түркиялық «AksaEnergy» компаниясы 215 млрд теңге инвестиция салды.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев орталық жұмысымен танысты.

Жоба аясында қуаттылығы 176 МВт 2 газ-турбиналық қондырғы, 95 МВт бу турбинасы, қуаттылығы 120 тн/сағ 2 бу қазандығы мен 150 Гкал/сағ 4 жылу қазандығы орнатылған.

Бүгінде жылу орталығы толық іске қосылып, 240 мегаватт электр энергиясы өндірілуде және қуат­тылығы 150 МВт 4 су жылыту қазандығы қосылды.

Алдағы жылу беру маусымында Қызылорда қаласының тұрғындары жаңа станция арқылы жылумен қамтамасыз етіледі.

Бұдан кейін облыс әкімі «Қы­зыл­орда жылу-электр орталығына» бар­ды. Қазіргі мұндағы жылу энергия көздерінің 85, жылу желі­лерінің 40 пайызы тозған. Станция 67 мегаватт электр, 355 гигакалория жылу энер­гиясын өндіреді.

Жалпы алдағы жылу беру маусымына дайындыққа 5,5 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланған. Бұл қаражат есебінен 8,7 шақырым жылу желісін жаңғырту жобасы аяқталып, №1 және №2 газ-турбиналық қон­дырғыларға күрделі жөндеу жүр­гізіледі. Сонымен қатар, 1,3 шақырым жылу желісі, 1 қазандық, 1 турбина, 10 автономды қазандық, негізгі және қосалқы жабдықтар жөнделеді.

Облыс әкімі «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесіне де барды. Мекемеге қарасты 10608 ша­қы­рым электр желісі, 2058 қосал­қы станция бар, ал транс­фор­матор­лар­дың жалпы қуаты – 1350 мегаватт.

Тұрғындардың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысан­дарды аралау қорытындысымен жауап­ты сала жетекшілеріне тапсыр­малар берілді. Олар – алдағы жылу беру маусымына дайындықты уақы­тылы, сапалы жүргізу, тұтыну­шыларға электр энергиясын тұрақты жеткізу.