Қызылорда облысында 2 ауданда әкім сайлауына дайындық басталды

324

0

Фото: ҚазАқпарат

Биыл әкім сайлауы Қызылорда облысында Шиелі және Сырдария аудандарында өтеді. Қазір осы бағытта тиісті дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пилоттық негізде Қызылорда облысының Шиелі және Сырдария аудандарында әкім сайлауын өткізу жоспарланып отыр.

«Бүгінде Сырдарияда 18, Шиеліде 40 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Онда 388 комиссия мүшесі қызмет атқарады. Сайлаушылармен белсенді жұмыс жүргізілуде. Биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Сырдария ауданында – 22644, Шиелі ауданында -50697 сайлаушы тіркелген. Бүгінде сайлауды тағайындау және округ құру туралы қаулы шығып, күнтізбелік жоспар белгіленген. Аумақтық сайлау комиссиялары 16 қыркүйектен бастап кандидаттардан құжат қабылдау жұмыстарын жүргізуде. Ал 5 қазан сағат 18.00-ден кейін кандидаттардан ұсыным қабылдау аяқталады. Одан кейін тіркеу жұмыстары жүргізіледі»,- деп мәлім етті Қызылорда облыстық сайлау комиссисынан.

Комиссия мамандарының айтуынша, кандидаттар партия атынан және өзін-өзі ұсынуға мүмкіндігі бар. Дегенмен үміткерлердің өз сайлау қоры болмайды. Сайлаушылармен үгіт кезеңінде әрбір кандидатқа 420 мың теңге белгіленді. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға, үгіт материалдарын жасауға және көлік шығындарын пайдалануға бағытталған.

«10 қазан күні жергілікті уақытпен сағат 18.00-ден бастап үгіт кезеңі басталады. Кандидаттар сайлаушылармен кездесіп, өз сайлауалды бағдарламасын белгіленген шығыс мөлшері аясында БАҚ арқылы насихаттайды. Сайлау процесін байқаушылар бақылай алады. Жыл басынан бері Қызылорда өңірінде 26 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйым тіркелді», – деп толықтырды комиссиядан. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<