Қызылорда облысында 25 рет пәтер ұрлығын жасаған күдікті ұсталды

361

0

Фото: Polisia.kz

Облыс тұрғындарының үйіне ұрлыққа түсуді кәсіп етіп, табыс көзіне айналдырып келген пәтер ұрысы құрықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын – 19 млн теңге, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасымен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде әккі ұры Жаңақорған ауданында кезекті пәтер ұрлығын жасау кезінде қолға түсті. Күдікті үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, пластик терезелерді күштеп ашу арқылы үй ішіне заңсыз кіріп, ақша мен алтын бұйымдарды ұрлаған.

Ұрлықты тұрақты кәсіпке айналдырған азамат Түркістан облысы Қазығұрт ауданының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жәбірленушілерге тиесілі алтын бұйымдар мен өзге де айғақ заттар заттай дәлелдеме ретінде алынды.

Тергеу барысында аталған күдікті облыс аумағында 25 пәтер ұрлығын жасап, жәбірленушілерге 19 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтіргендігі анықталды. Қазіргі уақытта полицейлер пәтер ұрысының облыс көлемінде жасалған басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріп жатыр. Тергеп-тексеру әрекеттері жалғасуда. Күдікті қамауға алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<