Конституция

Қызылорда облысында 83 заңсыз қоқыс орны жойылды

5

0

Фото: Ақтөбе облыстық экология департаменті

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қызылорда облысында 83 заңсыз қоқыс орны анықталып, жойылды.

Қызылорда облысының прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп жұмыс тобын құрып, заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою бойынша бірқатар жұмыс жүргізді.

Акция аясында ведомствоаралық мәжілістер өткізіліп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Жұмыс тобы облыс аумағында тұрмыстық қалдықтар заңсыз орналастырылған орындарды анықтады. Осыған байланысты уәкілетті органдарға тиісті шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар беріліп, қоқыс үйінділерін жою жұмыстары қолға алынды.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 83 заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың барлығы санитариялық талаптарға сәйкестендірілді.

Арнайы полигондарға 700 тоннадан астам қалдық шығарылды.

Сонымен қатар экологиялық заңнама талаптарын бұзып, қоршаған ортаны ластаған 590 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта жұмыс тобы проблемалық учаскелерді белгілеп, ол аймақтарға бейнебақылау камералары мен арнайы ескерту белгілерін орнату жұмыстарын қолға алды.

– Азаматтарды қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарап, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға тастауға және туған өлкенің тазалығын сақтауға шақырамыз, – деп мәлімдеді прокуратура.

Айта кетейік, ШҚО-да жыл басынан бері 130-ға жуық заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды.