«Qyzylorda»: Тәуелсіздік бастауы һәм бүгінгі белес

6

0

Кеше «Достық үйінде» «Qyzylorda» телеарнасының 35 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамының бас редакторы Болат Мүрсәлім, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстық телеарналарының директорлары, мәслихат депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы телеарна ұжымын мерейтойымен құттықтап, өңірдің ақпараттық кеңістігін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз озық ойлы ұлт болуымыз қажет. Көш бастайтын елдердің қатарына қосылуымыз керек. Бір ел болып, жұдырықтай жұмылсақ, бұл мақсатымызға міндетті түрде же­теміз. Осы ортақ жұмысқа жур­на­листер қауымы да зор үлес қосып жүр. Сіздерді реформаның қозғаушы күші деп айтуға болады» деп атап өтті.

«Qyzylorda» телеарнасындағы білікті әрі тәжірибелі мамандар заманға сай озық техникалар мен жаңа технологиялардың мүмкін­діктерін пайдаланып, журна­лис­тикадағы жаңа бастамаларды ақпарат айдынына батыл енгізіп келеді.

Аймағымыздың жетекші арнасы ел өміріндегі саяси маңызды оқиғалар туралы ақпаратты жылдам таратып, жағымды жаңалықтардың хабар­шысы болуда. Телеарна эфирге шыққан 35 жыл ішінде халық шығар­машылығын дамыту мен жергілікті музыкалық контентті қалыптастыруға айрықша басымдық берді.

Бүгінде «Ботақан» балалар теле­фестивалі, «Сыр жұлдыздары» ән байқауы, «Жыр керуен», «Асыл мұра», «Сыр сүлейін сұрасаң…», «Ға­сырлар үні» секілді дәстүрлі музы­каны насихаттайтын тағылымды жобалар телеарнаның алтын қорын толықтырды.

Сыр өңірінің жылнамасын, Тәуелсіздік шежіресін қалыптас­ты­рудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге зор ризашылығымды, алғы­сымды білдіремін. Ақпарат ай­ды­нында заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқара бергей­сіздер! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында корпорацияның бас редакторы Болат Мүрсәлім Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева­ның құттықтауын оқып беріп, «Құрмет» орденінің иегері Жағыппар Қарабала сөз сөйледі.

«Qyzylorda»: Тәуелсіздік бастауы һәм бүгінгі белес

Кәсіби шеберлігі мен телевизия саласындағы қажырлы еңбегі үшін бірқатар азаматқа облыстың Құрмет Грамотасы, облыс әкімнің Алғыс хаты, «Қазақстан» республикалық телерадио­кор­порациясы» акцио­нерлік қоғамының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Телеарна тынысы

Кеше сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және «Қазақстан» Республикалық телерадио кор­порациясы» акционерлік қоғамының бас редакторы Болат Мүрсәлім облыстық «Qyzylorda» телеарна­сының жұмысымен танысты. Теле­арна алғаш рет 1991 жылдың 30 сәуірінде эфирге шығып, 35 жылдан бері өңір тұрғындарын үздіксіз әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді.

Осы жылдар аралығында отандық журналистиканың үздік мектеп­те­рінің бірі болып қалыптасты, арна тілшілері Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің шежіресін жасауға атсалысты. Шығармашылық ұжым дайындаған сюжеттерде, бағдар­ла­маларда жұртшылықтың ойы мен пікірі, талабы мен тілегі айқын көрініс табады.

Телеарна ғимараты үш және төрт қабатты екі блоктан тұрады, жалпы аумағы 3500 шаршы метр. Заманауи талаптарға сай жабдықталған 4 студия бар. Атап айтқанда, қойы­лымдық хабарларға арналған түсіру павильоны, жаңалықтар, виртуалды және дыбыс жазу студиялары. Биыл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Бүгінде телеарна цифрлық фор­матта тәулігіне 15 сағат хабар тара­тады. Жаңалықтар күніне жалпы 8 рет, оның 6-ы тікелей эфирде көрер­менге ұсынылады. Апта сайын әр­түрлі бағыттағы 35-тен астам бағ­дарлама дайындалады. Өзіндік өнім­нің үлесі 67 пайыз.

Телеарна эфирінде «Өмірдің өзі…», «Өзекжарды», «Ұлт саулығы», «Қайырлы күн, Қызылорда!», «Анық­таймыз», «Құдайы қонақ», «Қызық орда», «Параллель», «Пайдалы подкаст», «Үштаған» секілді жобалар тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл бағ­дарламаларда қоғамдағы өзекті мәсе­лелер көтеріліп, көрермен сұра­ны­сы­на сай сапалы әрі мазмұнды ақ­­парат, жан-жақты сараптамалар беріледі.

Бүгінде мұнда 71 кәсіби маман еңбек етеді. Ұжым өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани даму жолын жан-жақты насихаттауға өз үлесін қосып келеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі