Қызылордада 215 мамандандырылған егу кабинеті жұмыс істейді

7

0

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының ұсынысымен 2005 жылдан бері иммундау апталығы өтіп келеді. Биыл бұл науқан 19-25 сәуір аралығына белгіленді. Қызылордалық эпидемиолог дәрігерлер бұл күндері балаларын иммундаудан бас тартқан ата-аналармен жұмыс істеуге көңіл бөліп отыр. 

Иммундау апталығы бір мезгілде барлық елде жүргізіледі. Бұл науқан халықтың екпе профилактикасына оң көзқарасын қалыптастыруға, адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау, өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін иммундаудың маңыздылығын насихаттауға бағытталған.

— Профилактикалық екпе 21 ауруға қарсы жүзеге асырылады. Бұдан басқа жекелеген кәсіптік топтарға, аса қауіпті инфекция түрлері бойынша қолайсыз елдерге баратын табиғи-ошақты аурулар деңгейі жоғары аумақтарда тұратын адамдарға және инфекция ошағындағы эпидемиялық көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Бүгінгі күні 457 адамның екпеден бас тартқаны белгілі болып отыр. Мұндай көзқарастың қалыптасуына бірден-бір себеп — әлеуметтік желілерде жарияланған негізсіз ақпарат. Өзара диалог орнатудың арқасында ойын өзгертіп, вакцина алып жатқандар жоқ емес. Жыл басынан бері осындай 18 ата-ана екпе салдырды, — деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Профилактикалық екпені мамандандырылған егу кабинеттерінде арнайы дайындықтан өткен мейіргерлер салады. Қызылорда облысында мұндай 215 кабинет бар. Шалғай елді мекендердің тұрғындарына 44 жылжымалы егу бригадасы қызмет көрсетеді. Мамандар егуден кейін бірде-бір асқыну жағдайы тіркелмегенін алға тартып отыр.

— Қандай да бір сұрақ туындаса, Қазақстан бойынша 7701 нөмірлі жедел желіге хабарласуға болады. Екпе бойынша көп ақпарат egu.kz сайтында жарияланған, — деді Әлия Әбдіқайымова.