Қызылорда қаласында жазасын өтеп жатқан азаматтардың қолынан шыққан өнімдер көпшілік назарына ұсынылды. “Құзыреттілік “ орталығында «Enbek HUB – QYZYLORDA» жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде сотталған азаматтарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер мен олардың өндірген өнімдері қойылды. Жәрмеңкеде ағаштан жасалған бұйымдар, қолөнер туындылары, тігін өнімдері, сондай-ақ құрылыс материалдары – пескаблок, газоблок және пенаблок түрлері ұсынылды.
Жәрмеңке барысында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлы көрмемен танысып, сотталған азаматтардың еңбегіне оң бағасын берді. Ал облыс прокурорының бірінші орынбасары Төлегенов Исламбек Тынарбайұлы кәсіпкерлерге түзеу мекемелерінде бизнес ашудың құқықтық негіздерін түсіндірді.

Сонымен қатар, ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Бекжанов Мейрам Гарипулаұлы кәсіпкерлерге өндірісті түзеу мекемелері аумағында ұйымдастырудың артықшылықтары мен жеңілдіктері туралы айтып, әріптестік орнатуға шақырды.
Шараға Қызылорда облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен қаладағы шағын және орта бизнес субъектілері қатысып, сотталған азаматтарды еңбекке тартудың тиімді жолдары талқыланды.
Қазіргі таңда №60 мекемеде 500-ге жуық сотталған азамат РМК «Еңбек-Қызылорда» филиалы, сондай-ақ 21 жеке кәсіпкерлік және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде жұмыс істеп келеді. Бұл олардың қайта әлеуметтенуіне және қоғамға бейімделуіне оң ықпал етуде.
Мұндай жәрмеңкелер кәсіпкерлер үшін тапсырыс көлемін ұлғайтып, өндірісті кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашып, сотталған азаматтарды жұмыспен қамту аясын арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында №60 мекемесіндегі жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасарының алғыс хаттарымен марапатталды.






