Қызылордада полицейлер Наурызнама аясында ұлттық спорттан бақ сынады

5

0

Фото: Qyzylorda PD

Қызылорда қаласында Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық спорт күніне арналған ауқымды спорттық іс-шара өткізілді. Аталған жарысқа Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері белсене қатысып, ұлттық спорт түрлері бойынша өзара сынға түсті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ қызметкерлердің дене дайындығын жетілдіру және кәсіби шеберлігін арттыру.

Спорттық дода «Аламан» атпен серуендеу кешені аумағында ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Іс-шара Қызылорда облысы Полиция департаменті және «Динамо» дене шынықтыру спорттық қоғамы» Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Іс-шараға облыстық мәслихат депутаттары мен сала ардагерлері қатысты.

Жарыс бағдарламасы ұлттық спорттың мазмұнды әрі тартымды түрлерін қамтыды. Атап айтқанда қатысушылар «Ат ерттеу», «Аударыспақ», садақ ату және ат үстінде тұрып жерден серке көтеру секілді сайыстарда өзара бақ сынасты.

Командалар белгіленген тәртіпке сәйкес жарысқа қатысып, ептілік пен шеберліктің, күш пен төзімділіктің үйлесімін көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар анықталып, І, ІІ, ІІІ орын иегерлері дипломдармен және кубоктармен марапатталды.

Аталған іс-шара тек ұлттық спортты дәріптеп қана қоймай, полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдап, бірлік пен өзара сыйластық рухын одан әрі нығайтуға үлес қосты.