Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басты бағыттарының бірі – түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту. ҚАЖ департаментіне қарасты №60 мекеменің өндірістік аймағында қазіргі таңда 21 кәсіпкер өз ісін дамытып, шамамен 600 сотталған азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Сотталғандардың қолынан шыққан өнімдер тек облыс аумағында ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне де жөнелтіледі. Бүгінде олар дәнекерлеу цехында су бөгеттеріне арналған, су ағынын реттейтін шлюз құрылғыларын жасап жатыр. Темір бұйымдарын өндіретін жеке кәсіпкер «Жағыппар» өндірісінде 90-ға жуық сотталған азамат еңбек етуде.
– Дәнекерлеу цехі – ұқыптылықты талап ететін жұмыс. Бір ғана қателік бүкіл бұйымның сапасына әсер етеді. Осы салада ұзақ жылдық тәжірибем бар, қазір көптеген өнімнің құрастырылуын меңгергенмін. Соның ішінде шлюздер жасаумен айналысып жүргенімізге екі жыл болды. Былтыр алғаш рет 5-6 метрлік шлюздер құрастырсақ, биыл сұраныс артып, 2-3 метрлік шамамен 400 данаға дейін өндірудеміз, – дейді сотталған азамат.
Оның айтуынша, бұл жұмысты 15 адам бірлесіп атқарады. Ол жазасын өтегеннен кейін де осы кәсіппен айналысуды жоспарлап отыр. Жазасын өтеушілер тек шлюз ғана емес, мекеме аумағына арналған темір қоршаулар, мобильді кеңселер, мал бордақылауға арналған жылжымалы қоралар, темір астаулар, тербелмелі орындықтар, темір жәшіктер сияқты түрлі бұйымдар да жасауда. Жеке кәсіпкер Орынбасар Бодықовтың айтуынша, сотталған азаматтарды жұмыспен қамту тиімді нәтиже беріп отыр.
– 2025 жылдан бастап шлюз өндірісін жолға қойдық. Арнайы мамандарды тартып, сотталған азаматтарға үйреттік. Алғашқы өнімдер Жамбыл облысына жіберілді. Қазіргі таңда Алматы облысынан да тапсырыстар түсіп жатыр. Бір ай ішінде 100-ден астам шлюз құрастырып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.
Мекеме мамандарының айтуынша, сотталғандар еңбегімен дайындалған өнімдер Қазақстан нарығында сұранысқа ие. Түзеу мекемелерінде еңбек пен кәсіби дағдыларды қатар меңгеріп жүрген азаматтардың саны артып келеді.






