Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағаларының қатысуымен Президент саябағының аумағында жаңа драма театрдың іргетасы қаланып, капсуласын салу рәсімі өтті.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қаламызда өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында «Жалпы «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған» деп атап өтіп, Қызылордадағы жаңа драма театр құрылысы биыл басталатынына тоқталған болатын.
Театр ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, руханиятты байытуға зор үлес қосып келеді. Жетпіс жылдан астам тарихы бар, қазақ театр өркениетінің қарашаңырағы Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры – Сыр өңірінің мәдени өмірінің ажырамас бөлігі. Бүгінде репертуарында 60-тан астам қойылым бар. Шығармашылық ұжым жыл сайын 70 мыңнан астам көрерменге рухани азық сыйлайды.
Президент саябағы аумағында іргетасы қаланатын жаңа театр – төл өнерімізді түлететін, жас буынның шығармашылық әлеуетін шыңдайтын, ұлттың жаны сөйлейтін киелі мекен болады деп сенеміз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Қызылорда – қазақ театр өнерінің негізі қаланған жер. Бір ғасыр бұрын жаңадан құрылған ұлттық театрдың алғашқы қойылымы осында сахналанған. Сыр жұртшылығы халқымыздың асыл мұраттарын, құндылықтарын сахна арқылы ұрпақ санасына сіңіріп келген ұлт театрының Қызылордадан бастау алғанын мақтаныш тұтады.

Қазақтың ұлттық кәсіби театрының шымылдығы түрілген Қызылордада бір ғасырдан соң жаңа ғимараттың іргетасы қалануының өзіндік мәні бар.
Рәсімде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір, «ВД Строй Инжиниринг» ЖШС-нің бас директоры Азамат Өсімбеков сөз сөйледі.
Айта кету керек, 2022 жылдан бері өңірде 22 мәдениет нысаны жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Барлық ауданда «Руханият орталықтары» ашылды. Облыстың бас шаһарында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Оқушылар сарайы» бой көтерді.
Былтыр Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Ассамблеяның 30 жылдығына орай «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қолдауымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты салынды. Кейінгі жылдары «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Өнер мектебі» мен «Оқушылар үйі» іске қосылды.
Жақында тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхана құрылысы басталады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






