Сәбит Шонтақбаев: Әкем мүгедек, шешем жұмыссыз болды, бала күнімнен қой бағып еңбекке араластым

599

0

Нұр-Сұлтанда 3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев балалық шағы мен отбасы жайлы айтты. Жастайынан еңбекке ерте араласқан азамат егіз баланы армандайды. 

Бұл туралы Атамекен бизнес жаңалықтары арнасындағы Bosat арнасында баяндады.

Сәбит Шонтақбаев бала күнінен еңбекке ерте араласқан. Әкесі мүгедек, анасы жұмыссыз үй шаруасындағы әйел. Өзі мен ағалары бала күнінен қой бағып, нәпақа табуға үйренген. 

“Маған дейін ағаларым қой бақты. Өскенде біз бақтық. Жаз айында көп ойнаған жоқпыз. Шөп оратынбыз. Мал болды. Оған шөп керек болды. Одан артылғанын сатып, мектепке киім алатынбыз. Мен ол үшін ешкімге өкпелемеймін. Ол – өмір. Өмір болған соң түрлі жағдай болады. Ата-анама да еш өкпем жоқ. Керісінше тіршілікке ерте араласқанымыз жақсы болған шығар. Малдың соңында жүріп сабақ оқыдық. 1500 мың қой болды. Соны бағып жүріп үй тапсырмасын жасайтынмын”, – деді Сәбит. 

Шонтақбаев 4 баланың әкесі. Алайда өзі құтқарған Айзерені де өз қызындай санайды. 

“Бұған дейін 4 балам бар еді. Қазір Айзерені де өз қызымдай көремін. Арасында барып қалын сұрап тұрамын. Жағдайы жақсы. Тәттілер апарып беремін. Көрші тұрамыз. Анасы көрген сайын рахметін айтады. Ата-анасы терезе жақтауына бала шыға алмайтындай қоршау жасапты. Ол ғана емес, көп тұрғындар қауіпсіздік шарасын жасап жатыр. Айзере өз қызым секілді. Өзім егіздің сыңары болғандықтан егіз балам болса деп армандаймын. Сонда халық айтқандай 7 баланың әкесі болар едім. Ол да бекер айтылмаған шығар. сол күнге жетейік”, – деді көп балалы әке.

Сәбит өзінің ерлігін видеоға түсірген Бақыт есімді келіншекпен кездескенін, алғысын айтқанын жеткізді. 

“Мен Бақытпен кездестім. Бізді журналистер телеарнаға түсіріп жатқанда ол да тұрды қасымызда. Кейін телефонына хабарласып, алғысымды айтқан едім. Жақында бөпелі болды. Бауы берік болсын. Менің үйім де, көлігім де, жұмысым да бар. Маған ешнәрсе кере емес деді”, – дейді ол. 

Ал Айзеренің анасы іздеп келіп, алғысын жаудырған екен. 

“Айзеренің анасы да рахметін айтты. Үйге келді. Кездескен сайын алғыс айтады. Тек қана көпшілік алдына шығудан бас тартты. Сондықтан бастапқыда анасын көрмедік де айтқан едік. Ол өз өтініші болатын”, – деді батыр азамат. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<