Коммуналдық сала қызметкерлері уақытпен санаспай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту жолында қажырлы қызмет етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне бағытталған байыпты бастамаларға зор үлес қосып келеді. Бүгін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов бірқатар сала қызметкерлерін қабылдады. Салтанатты кездесуде еңбек адамдары марапат төріне шығарылып, шаһар басшысының «Алғыс хаты» табысталды.
– Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттыру – елдіктің белгісі. Қандай қиын сәттерде де, ауа райының қолайсыз жағдайларында да, апаттық оқиғалар кезінде коммуналдық сала қызметкерлері әрдайым алдыңғы шепте жүреді. Сіздердің жауапкершілік жүгі зор жұмыстарыңызға сәттілік пен табыс тілеймін, – деді Арнұр Әлібекұлы.
Өз кезегінде еңбек адамдары көрсетілген құрметке алғыстарын білдірді.






