Саладағы ауқымды істер сараланды

194

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметовтің қатысуымен брифинг өтіп, биыл жартыжылдықта атқарылған жұмыстар сараланды.
Басқарма басшысының айтуынша, тегін медициналық көмектің ке­пілдік берілген шеңберінде қызмет көрсететін жекеменшік медицина ұйымдарының саны жылдан жылға артып келеді. Есепті мерзімде олар­дың үлесі 52,3 процентті құрады.
Биыл облыстың 2019-2026 жыл­дар­ға арналған өңірлік перспек­ти­­ва­лық жоспары бекітілді. Оның негізінде денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуда бюджет есебінен және жеке инвестиция тарту мақсатында 2026 жылға дейін 81 млрд теңгеге 107 нысанның құрылысын салу мен жөндеу жоспарланып отыр. Ал биыл жоспар аясында 8,3 млрд теңгеге  21 жобаны іске асыру көзделген.
Жоспарланған 17 БМСК нысаны­ның 10-ы пайдалануға берілсе, жыл аяғына дейін мемлекеттік жеке­меншік әріптестік аясында №1 қа­лалық емхана орнына 400 келушіге арналған емхана ашу, 6 дәрігерлік амбулатория мен 1 фельдшерлік амбу­латорлық бекетті пайдалануға беру жоспарлануда. Жеке инвестиция тарту мақсатында «Медтроник Қазақстан» ЖШС мен МЖӘ шеңберінде пилоттық режимде об­лыстық көпбейінді ауруханасы мен Қазалы ауданаралық ауруханасына ангиографиялық зертханалар орнатылды. Қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту және Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындарына мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Қазалы ауданаралық ауруханасы базасында кардиологиялық орталық ашылады деп күтілуде.
– 2017 жылдан бастап респуб­ликада алғашқылардың бірі болып біздің облысымызда халықаралық ұйымдармен бірлесіп пилоттық режимде, ал, былтырдан бастап барлық жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларға арналған патронаждық қыз­мет көрсетудің әмбебап-прогрес­сивті моделі енгізілген болатын. Нә­тижесінде нәресте өлімінің се­бептерінің ішінде үйде қайтыс болу жағдайлары – 24 процентке, жазатайым жағдайда қайтыс болу 44,1 процентке азайды, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Қазіргі таңда облыс әкімінің гранты негізінде 42 резидент респуб­ли­каның 5 жоғары оқу орнында резидентурада білімдерін жалғастыруда. Олардың алғашқы 15-і биыл оқу­ын аяқтап келеді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарлама­сы аясында салада ақпараттық жүйе­лерді біріктіру, мобильдік қосым­шаларды қолдану, электронды ден­­саулық паспортын енгізу, «қағаз қол­данбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық қызметтің қол­жетімділігі мен тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде облыс халқының орташа өмір сүру ұзақтығы соңғы 5 жылда 1,6-ға ұл­ғайып, 72,7 жасты құрады. 

Айнұр Батталова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<