Сарбаздар Аягөзге аттанды

723

0

Қаладағы «Тағзым» алаңында жас буынға үлгі болар жақсы шара өтті. «Әскерге бару – азаматтық парызым» атты облыс жастарын әскерге аттандыру рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов сарбаздарға Отан алдындағы борыштарын адал өтеп, әскери қызметте абыройлы болуға тілектестігін білдірді.
– 21-ші ғасыр әскері ұтқыр, жедел қимылдайтын, білімді, тактиканы терең меңгерген болуы керек. Отан қорғау секілді ұлы міндет жүктелген сендер осы үдеден табылады деп сенеміз, – деді облыс басшысының орынбасары.
Облыстан ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Аягөз қаласындағы №10810 әскери бөліміне 40 сарбаз аттанды. Әскери формада сап түзеген жігіттерді шығарып салуға ата-аналары мен бауырлары, достары көптеп келген. Сонымен қатар, Мемлекеттік күзет қызметінің №0111 әскери бөліміне аймақтан 16 азамат іріктеліпті. Еңсесі биік, көзге ерекше түсер, спортқа бейім бұл жігіттердің арасында Шиелі ауданының, Тартоғай ауылынан Досанбек Қалмағанбетов те бар.
– Мен Мемлекеттік күзет қызметінде әскери борышымды өтеуге қабылданғаныма қуаныштымын. Бұл менің бала күнгі арманым болатын. Мұнда нағыз жігіттер сыналады деп еститінмін. Осындай Президенттік полк қатарына өтуге өз достарымды да шақырамын, – дейді ол.
Айта кету керек, биыл күзгі науқан бойынша, ҚР Қарулы күштеріне, басқа да әскери құрылымдарға 1991-2000 жылдары туған  900-ге жуық жігіт шақырылып, Отан алдындағы борышын өтейтін болады.

Ержан Қожас,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<