Құрылтай

Сербияда Қазақстан азаматы қаза тапты

3

0

Фото: homeart_mebel

Сербияның астанасы Белградта Қазақстан азаматы қаза тапты. Қазіргі уақытта Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қайтыс болған бойжеткеннің әкесі әлеуметтік желіде қызының байланысқа шықпай қойғанын, сол себепті оны іздеп Сербияға өзі барғанын айтты. Белградта оған қызының тұрғын үйдің алтыншы қабатынан құлап кеткені хабарланған. Алайда марқұмның туыстары суицид нұсқасына сенбейді және істің мұқият әрі ашық тергелуін талап етуде. Олар бойжеткеннің өліміне оның Белградтағы таныстарының қатысы болуы мүмкін деп есептейді.

«Елшілік Сербияның құқық қорғау органдарымен бірге оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Дипломаттар марқұмның отбасымен тұрақты байланыста», – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің өкілдері.

Айта кетейік, бұл шетелде қазақстандықтардың қаза табуымен байланысты алғашқы оқиға емес. Бұған дейін маусым айында АҚШ-тың Иллинойс штатында 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбай да жұмбақ жағдайда қайтыс болған еді. Оның үйінен құжаттары, банк картасы және «егер өзіне бірдеңе болса, құжаттарды белгіленген мекенжайға тапсыруды» сұраған хат табылған болатын. Қазіргі уақытта сол оқиға бойынша да тергеу амалдары жалғасып жатыр.