Ағымдағы жыл Ақтөбе облысында «Бақытты бала» жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай, Ақтөбе облысы Шалқар ауданының балалары мен жасөспірімдері Арал ауданында болды. Алдымен қаладағы орталық алаңда серуендеген жастар бірқатар ескерткіштер мен тарихи орындарды тамашалады.
Содан кейін Аралдың тарихымен танысу мақсатында Аудандық тарихи-өлкетану мұражайында болып, ауданның қалыптасуы, шаруашылығы мен өнеркәсібінің даму тарихы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, әдебиеті мен өнері жайлы құнды жәдігерлер мен теңіз тағдырына байланысты деректермен танысты.
Қонақтардың келесі аялдаған жері балықшылар өмірінен сыр шертетін «Балықшылар мұражайы» болды. Бұл жердегі балықшылар тұрмысында қолданған түрлі заттар мен құралдар балалардың қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, белгілі жазушы Ә.Нұрпейісов атындағы Әдебиет үйінде жазушы өмірімен және шығармаларымен танысты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<