Шекараға қош келдің, балақай!

857

0

Патриоттық тәрбие беру – оқушының саналы көзқарасын қалыптастыру. Әскери патриоттық тәрбиенің тереңделуі, Отанымыздың саналы және белсенді күрескерлерін тәрбиелеуге, оларды еліміздің игілігіне жанқиярлықпен еңбек етуге, республикамыздың мүддесін қорғауға жаңа мүмкіндіктер туғызады. Жастарды Отанды қорғауға, талантты әскери кадрлар даярлау, жас азаматтардың патриоттық тәрбиесіне танымдары мен мінездерін қалыптастыру ауыр және сан қырлы процесс.

Шекара аймағындағы білім ошақтарымен тығыз байланыс жасап, жас патриоттарды тәрбиелеу мақсатында өздері ашқан «Шекарашының жас досы» үйірмесін жүргізетін шекарашылар ең алдымен мектеп мұғалімдерімен бірлесіп жұмыс істеуді қолға алған.

Осы орайда, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызылорда облысы бойынша департаменті оқу-жаттығу орталығының базасында М. Ықсанов атындағы «Жас шекарашылар» клубыныңоқушыларымен әскери – патриоттық шаралар өткізіліп тұрады. Әдетте әскери қызметші десе, қалың жұртшылықтың ойына ең бірінші кезекте қала орталықтарында әдемі салтанатты әскери формаларында сап түзеп, алаң бойымен салтанатты  шерумен өтулері келеді. Бірақ әскери қызметтің машахатын көбі біле бермейді. Соның ішінде шекарашылардың орны ерекше… Департаменттің далалық оқу-орталығында көптеген балалар алғаш рет болды, сондықтан да олардың алған бұл әсерлері ұзаққа жеткілікті болатыны сөзсіз.

Шекара қызметі – ел қауіпсіздігінің алдыңғы шебіндегі берік қалқаны. Мемлекетті қорғау қатерлі де қауіпті қызмет. Мұндай міндетті орындау кез келгенге бұйырмайды. Көбінесе олардың ел шебіндегі қызметі көзге көрінбейді, жариялылыққа ұмтылмайды. Сондықтан олардың қызметімен таныс болу, өз істерінің қас шеберлерін іс-жүзінде көру – өте сирек құбылыс, әсіресе арнайы-орта білім ошақтарының оқушылары үшін.  Сол күні олар жасыл түсті күнқағарлылардың ел шебіндегі қызметті қалай атқаратындықтарын көріп, шекарашының бір күндік машахатын тұла бойларымен сезініп куә болып қайтты.

Шара арнаулы мобильдік ұтқырлар іс-қимыл тобының әскери қызметшілеріменкедергілер алабын еңсеруде өз дағдыларын көрсетумен басталды. Бұл «жаттығу құрылғысы» оңай болып көрінгенімен, арнайы дайындықты қажет етеді. Мұнда оқушыларға биік тегіс қабырғаларды еңсеріп, жер асты туннельдерінен өтудің тәсілдерін көрсетті.

Оқушыларға шекарашылардың темір бақылау мұнарасы, қару-жарақтар мен жол талғамайтын «Урал» автокөлігі сынды техникалармен таныстырды. Мұнан бөлек жертөлелерді қазу, қару-жарақтарды шашып-жинау, қызметтік итті қолдану арқылы шекара бұзушысын ұстау, шатырды құру әрекеттерін тамашалады. Далалық шығу ұлдар үшін нағыз мереке болды. Әскерилердің қызметін көрген балалар қуаныштарын жасырмады. Оқушылар көргендерінен мол әсер алғандықтарын мойындады.

Жауынгерлік эпизодтар аяқталғаннан кейін жас шекарашылар біраз тынығып,әскери далалық тағам түрлерімен танысуға мүмкіндік алды. Арнайы ыдыстардан тағамдардың дәмін татты. Алғаш рет көрген олар қатты ұнағандықтарын жеткізді. Бұрын-соңды мұндайды жеп көрмегендіктен ерекше болып көрінгендей сезім қалдырған сынды.

«Алғашқы әскери дайындық мұғалімдері мен балалар қазіргі шекарашы сарбаздардың өмірімен танысып көруі өте маңызды. Біз мектептермен және балалармен үнемі тығыз байланыстамыз. Өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайту бағытында үздіксіз жұмыстар жүргіземіз. Жастардың әскери салаға деген қызығушылықтарын арттыру, Отанды сүюдің іргетасы алдын-ала, яғни мектеп табалдырығынан қалану керектігін түсінгені жөн», – деп атап өтті департаменттің тәрбие идеологиялық және кадрлар жұмысы бөлімінің бастығы майор Нұрбек Әбдіракинов.

Айтуға маңыздысы, М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі шекарашыларымызбен тығыз байланыста. Оған бір дәлел, аталған оқу орнының әскери жетекшісі майор Алтынбек Қабыловтың жауапты сыныптарының бірі «Жас шекарашы» үйірмесімен біраз уақыттан бері үзбей жұмыс істеп келе жатқандығы. Жас шекарашылар қалалық, облыстық «Жас сарбаз» байқауларында көптеген жетістіктерге жеткен. Қазіргі таңда да олар республикалық деңгейдегі әскери сайысқа қатысуға қызу дайындық үстінде. Олай болса сәттілік!

Т.Серікқалиев,

Капитан ҚР ҰҚК ШҚ ӘПҚБ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<