Шиелілік ерлі-зайыптылар хиджама-косметология орталығын ашты

351

0

Шиелілік жас кәсіпкер Несібелі Арғынбаева «Жас кәсіпкер» жобасы аясында кәсіп ашты. 

Жолдасы Бұрхан Нұрсұлтанмен ақылдаса келе ол өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалынан кеңес алды. «Жас кәсіпкер» жобасы туралы естіп, оқып, бизнес сауаттылығын арттырды. Бизнес жоспар жасап, хиджама-косметология орталығын ашты. Медициналық қызметтің бұл түрін Атырау қаласындағы сауықтыру орталығында оқып, үйренген. Жобасын сәтті қорғап шыққан Несібелі қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.  

– Гранттық қаржыға медициналық құралдар сатып алып, халыққа қызмет көрсетудеміз. Қызметіміз қыз-келіншектер арасында үлкен сұранысқа ие. Бұл –  біздің отбасылық бизнесіміз. Жолдасым да осы жерде хиджама, массаж жасап қызмет көрсетеді, – дейді Несібелі.

Ерлі-зайыптылар өз кәсіптерін жақсы меңгергендіктен күн санап келушілер қатары  көбеюде.

– Дәрігер жағалап, еміме шипа іздеп жүргенмін. Қан қысымым түспей қойды. Осы орталыққа келіп, ем қабылдап, жақсарып қалдым, – дейді аудан тұрғыны Алтын Досмағанбетова.

Айта кетейік, өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша өткен жылы Шиелі ауданында 115 жас оқып, бизнес саласындағы біліктілігін жетілдірді. Нәтижесінде жалпы құны 46,4 млн теңге болатын 92 жастың жобасы қаржыландырып, олар бүгінде кәсіп бастап кетті.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<