Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков сөз басында еліміздегі маңызды қоғамдық-саяси өзгерістерге тоқталды.
Аудан әкімі жыл басы ел үшін тарихи маңызы зор оқиғалармен басталғанын атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапары, Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар және Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі Қазақстанның саяси жаңғыруындағы маңызды кезең екенін жеткізді.
«Түптеп келгенде, баршамыздың мұратымыз – бір. Бұл – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын өркениетті әрі озық мемлекет құру. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің ойдағыдай дамуы бізге ғана керек. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, біз кез келген белесті бағындырамыз, көздеген мақсатымыздың бәріне қол жеткіземіз. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін! Осы жолда аянбай еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы», – деген Мемлекет басшысының сөзін негізге алған аудан әкімі ел дамуына әркім өз үлесін қосуы қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жыл сайын артып келе жатқанын айтып, ауданның өсіп-өркендеуі бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






