Шығын аз, сапа жоғары

641

0

 Облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті баспасөз турын ұйымдастырды. Шара аясында БАҚ өкілдері Қызылорда электр тарату тораптары компаниясына қарасты жөнделіп және жаңғыртылып жатқан нысандарды аралады. 

«ҚЭТТК» АҚ басқарма төрағасы Мұхит Кәрімбаевтың айтуынша, қа­зіргі күні облыс орталығында 13 подстанция орналасқан. Биыл электр же­лілерін қайта құру және жаңғыртуға компания есебінен 215,9 млн теңге қаралды. Осы уақытқа дейін соның шамамен 200 млн-ы игерілсе, қалған бөлігін қыркүйек айының соңына дейін жарату жоспарланып отыр.

Бүгінде қаладағы электр желі­лерінің 72%-нің тозығы жеткен. Дегенмен, кернеулігі 10/04 кВт болатын электр желілерін қайта құру және жаң­ғыртудың 2016-2020 жылдарға ар­налған инвестициялық бағдарламасы аясында мұндай желілердің көпшілігі ауыстырылуда. Бұл өз кезегінде электр энергиясының сапасын арттырып, нормативтік ысырапты азайтуға мүм­кіндік береді. Атқарылған жұмыс­ нәтижесінде қазіргі уақытта транс­форматорлық стансалардың 92-93%-нің жағдайы жақсарды.

Баспасөз туры кезінде байқаға­нымыз, қаланың КБИ шағын ауданында да ауқымды шара жүргізілуде. Ауыстырылып жатқан оқшауланған электр желілері Ресейден әкелініпті. Жұмыс цифрлық технология негізінде атқарылуда. Бұл саладағы және бір жаңалық – заман талабына сәйкес үй-жайлардың қабырғасында жапсырулы тұрған электр құрылғылары өзгермек. Ол үшін арнайы қаржы қарастырылған, қалғаны модернизация арқылы жасалады. Құрылғылар барлық жеке секторға тегін орнатылады.

– Осы орайда жарықтың бағасы қым­баттайды деп алаңдауға еш негіз жоқ. Тариф сол күйі қалады. Пилоттық жоба аясындағы жұмыс «Наурыз» саяжайындағы 4 мыңнан астам тұ­ты­ну­шының жарық есептегішін өз­гер­туден басталады, – деді Мұхит Кәрімбаев.

Қыдыров көшесінің бойындағы электр тарату пункті де биыл модернизациядан өтті. Енді ол алдағы 20-30 жылға дейін қалыпты жұмыс істейді дейді мамандар. Негізі, үлкен қондырғылар күтіп ұстаса, 40-50 жылға дейін жарайтын көрінеді. Жалпы, инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру электр энергиясының ысырабы мен шығынын азайтуға ықпал етеді. Есесіне жарық тарату сапасы арта түспек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<