Шұжықтан көз жұмған сəбиден «Ботулизм» диагнозы расталмады

300

0

Ақмола облысында 2 жасар қыздың өліміне қатысты  жүргізілген зерттеу шұжық өнімдерінің гигиеналық нормативтер талабына сай екенін анықтады.

Жеткізіп берушіге қатысты тексеру шаралары одан әрі жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне сілтеме жасап. Ведомствоның мəліметі бойынша, зертханалық зерттеу нəтижесіне сәйкес осыған дейін қыздарға қойылған «Ботулизм» диагнозы расталмады.
 Нақтысы «гастроэнтероколит типті ас токсинді жұқпасы» диагнозы қойылды. Оған қоса, «Токсинді шок, мидың және өкпенің ісінуі, асқынған жүрек қан тамырларының жетіспеушілігі» жалғаспалы диагнозы да қойылды. Сондай-ақ «Орташа деңгейдегі өкпенің оң жақ үстіңгі бөлігі қабынған».
«Жүргізілген зертханалық зерттеу нəтижесі бойынша «Ақжелкен» сауда үйіндегі «Халал» маркалы шұжық өнімдерінің гигиеналық нормативтер талабына сай екені анықталды. Қызметкерлер арасында ішек таяқшасын тасымалдаушылар табылмады. Ақмола облысы аумағында шұжықтан улану бойынша бұдан басқа оқиға тіркелген жоқ», деп түсіндірді ведомство өкілдері. Ал, бейнежазбада көрсетілгендей зардап шеккен баланың отбасы сатып алған шұжық өнімдерін жеткізіп берушіге қатысты жоспардан тыс тексеріс шаралары одан әрі жалғасуда. Медициналық қызмет көрсету сапасы тəуелсіз медициналық сарапшылардың қатысуымен жүргізіліп жатқан жоспардан тыс тексеріс қорытындысы бойынша шығарылады.
 Ақмола облысы бойынша қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің мамандары ата-аналарды 5 жасқа дейінгі балаларға (Е) қоспалары бар тағамдарды, фастфудтарды, консерві өнімдерін, өңделмеген, құрамында қант жəне тұздары көп тағамдарды бермеуге шақырады. Айта кетейік, 2018 жылдың 17 қазанында Бурабайдағы ауданаралық көпбейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне ішек жұқпасы сырқатымен 2016 жылы туған (2,4 жасар) бүлдіршін түскен болатын. Ақмола облыстық балалар инфекционисі тексере келе, балаға «асқынған ми қан айнылымының жетіспеушілігі, гастроэнтероколит типі бойынша протромбин идексі, ботулизм» диагнозын қойды.
Бүлдіршін 20 қазан күні сағат 05:40-та көз жұмды. Баланың өліміне жартылай сүрленген шұжық себеп болуы мүмкін деп шұжық өндіруші мен жеткізіп берушіге қатысты жоспардан тыс тексеріс басталған еді. Сондай-ақ Ақмола облысында 2 жасар бүлдіршіннің шұжықтан уланып қайтыс болуына байланысты Щучинск қаласындағы сауда үйлерінің біріндегі шұжық өнімдерінен 16 сынама алынды.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<