Абай-ақыл-ой, білім-ғылымның алтын қазығы

110

0

Ақыл-ой, ғылым, білім. Ақыл- алтын сандық. Осынау кең дүниеде ақылдан артық жақын болу мүмкін емес. Осы орайда даналық  ақылын    жастарға бағыттаған кемеңгер көсемдеріміздің алтын сандық көмбесінің дариядай түпсіз-тереңдігіне ой қозғау орынды-ақ. Бұл ретте әрине, алғы сөзде халықтың жүрегіне жол тапқан сөз зергері хакім Абай Құнанбаевты тілге тиек етіп, айтыскер ақын Аслан Ғафуровтың «Абай-ақыл мен білімнің, ой мен ғылымның айнымас алтын қазығы» деген келелі пікірі төңірегінде ой өрбітейік.

Баршаға мәлім, Ұлы Абай  биылғы жылы 10 тамызда 180 жасқа толды. Бұл елеулі кезең республикалық деңгейде түрлі ауқымды іс-шаралармен аталып өтті. Яғни, Абайды үлгі тұтып қастерлеген халқы сусап жүрген мейірлерін қандырғандай, сағынышын басқандай күй кешті.

«Білім-арзан, білу қымбат» тұжырымын ұстанған кемеңгер тұлға қалың қазақ еліне, өскелең жас ұрпақтың келешегіне бей-жай қарамағаны белгілі. Сондықтан да ішкі ойын терең ақылмен жеткізе білді.

Шығармашылығының өзегі болған,оқырмандарының  ойын дөп басқан  шығармаларының бірі-қырық бес қара сөздері. Ал осы қырық бес қара сөздерінің идеясы да қырық бес түрлі. Төмендегі 17-інші  қара сөзі де даналыққа, терең тұжырымға бай сөздерінің бірегейі десек те болады. Адам ақыл, қайрат, жүректі бірлесе ұстағанда ғана толық кемелденген тұлға  дәрежесіне көтерілетініне баса назар аударады. Бұл жерде адами қасиеттерді бойға жинақтау жолына түсініктеме беріліп тұрғанын аңғарамыз.

Жоғарыда атап өтілгендей қара сөздерін публицистикалық шығармалар қатарына жатқызуға болады. Себебі  қайсысын оқысақ та, санамызға қозғау салып, ойымызды шымырлатардай күйге түсіреді. 31-інші қара сөзінде барлық ақыл мен ғылымды тоздыратын кеселді нәрселерді атап көрсете отырып, ойға бекіту жолдарын ұғымды етіп жеткізеді. Яғни, жадта ұстау үшін зеректік, үйренуге ұмтылыс, ойда сақтауға талап ету сонымен қатар бұларға кереғар әсерлерден аулақ болу керек екенін санамалап баяндайды. Ал ой кеселдеріне жататын кертартпалықтарға – бос күлкішілдік, бекерге сары уайымға салыну, басына зиянды құмар ойындарға салыну деп егжей-тегжейлі түсініктеме береді. Оқи отырып, қара сөздерінің қазақ халқына, жастарға оқу-білім, адамгершілік тәрбиесін беру жолымен жазылғанын анық сезінуге болады.

Абай -қазақ әдебиетінде өзіндік ойып алар орны бар өшпес тұлға. Бұл- кез-келген исі қазаққа мәлім жай. Оның қай шығармасын оқып тұшынсақ та, ой саларлық маңызы бар екені белгілі. Қандас қазақ елінің  оқу-білім, ғылым арқылы дами алатынын терең сезінген ақын шығармаларының арқауын осы тақырыпта өрбітті. Қалың елі қазағы бойындағы кемшіліктерді жойып, оқу-білімге ден қою керектігін көрегендікпен шығармаларында жеткізіе білді. «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой,» деп бес асыл істің көздеген мақсаттың орындалуына негіз болатынын тілге тиек етті. Жастардың адам боп қалыптасуы үшін жақсы қасиеттерді бойларына сіңіре білулерін қолмен қойғандай өлең тілімен жеткізе білді.

Жастарды ғылым-білімге, адал еңбекке шақыруға үндейтін өлеңдерінің бірі -«Интернатта оқып жүр..»өлеңі. Бұл өлеңінде талап қуған жастардың өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмауын да ой өзегіне алады: Интернатта оқып жүр,

Талай қазақ баласы…

…Ойында жоқ бірінің,

Салтыков пен Толстой.

Я тілмаш,я адвокат,

Болсақ деген бәрінде ой…деп көреген ойымен елге пайдалы азамат болуға үндейді.

Жалпы Абай-өзі жырлағандай қалың елі қазағына бүкіл ғұмырын арнаған жан. Ол өз заманының тұрмысына,ілгерілеуге деген кедергілерге куә бола отырып қынжылды, уайымға салынды. Қазақ халқының қараңғылыққа тұмшаланбауына өз бойындағы қарым-қабілетін аянбай жұмсады. Жас ұрпақты ақылды,адами қасиеттерге ие болуға үндеді. Дінге, имандылыққа, адамгершілікке шақыра отырып,соқыр сенімге берілмеуге шақырды. Абай мұраларының қай-қайсысы да жастардың рухани дүниесін байытуға бағытталған. Жоғарыдағы келтірілгендер тілге тиек боларлық үзік-үзік мысалдарындай. Айтпағым, дара да,дана тұлғаның тәрбиелік мәні зор шығармалары- түпсіз терең көмбедей асыл қазынамыз! 180 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтай отырып, сөз зергері Ұлы Абайдың даналық еңбегін өмірге рухани азық тұтына беруге шақырамын!

Бекзат Абдуллаева,

Құқықтану білім беру бағдарламасының аға оқытушысы.