Құрылтай

Geopark Aral: Бірегей жобаның болашағы

39

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Арал ауданында инфрақұрылымды жаңарту, газдандыру, құрылыс және өзге де салаларда тың жобалар жүзеге асырылуда. Инвестиция, салық және басқа да түсім түрлері артты. Бұл туралы өңірлік ком­муникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев айтып берді.

– Биылғы алғашқы жартыжыл­дықтың негізгі көрсеткіштеріне келсек, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 18,7 млрд теңге болып, 105,7 пайызға жетті. Құны 5,8 млрд теңге болатын 3 жобаны пайдалануға беріп жатырмыз. Атап айтар болсақ, «Qazaq Camel» ЖШС-ның түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын, «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-ның жоғары сұрыпты ас тұзын өндіретін зауыттары іске қосылды. Бұдан бөлек «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-ның авто­мобильге газ толтыру компрессорлық станциясы бар көп­функ­ционалды жол бойындағы кешені және жыл соңында дейін іске қосылуы тиіс тағы бірнеше жоба бар, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ мал басында өсім байқалды. Ата­кәсіпке айналған балық шаруа­шылығы да қарқынды дамып келеді. Кіші Арал теңізінің учаскелері, Сырдария өзені және көлдер, он балық өңдеу зауыты бар. Жыл ба­сынан 3621 тонна балық өңделіп, 1728 тоннасы шет­елге экс­портталды. Екі кәсіпорын өнімдері Еуро­па нарығына шығады, балықты сұ­рыптап қа­ты­ратын және сақтайтын 15 цех жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ то­ған шаруашылығы және тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы, тауар­лы балық өсірумен 16 шаруашылық айналысады.

Аудан әкімі Арал теңізі мәселесіне шетелдіктер мен халықаралық қорлар­дың назарын аударуға, өңірдегі эколо­гиялық ахуалды жақсартуға бағыт­талған маңызды жобалар Үкіметтің және аймақ басшысының тікелей назарында екенін айтты.

– Әлемдік, халықаралық банктер мен қорлардың өкілдері, елшілер келіп, экологиялық апат аймағына, теңізге деген жанашырлықтан туындаған әр бас­тамаға қолдау көрсетіп, жобаға жан бітіруге ынталы. Осы ретте ауданда Орта Азияда алғаш болып «Geopark Aral» туристік орталығы ашылды. Бұл – тек инфрақұрылымдық жоба емес, өңірдің таби­ғи, тарихи, геологиялық, мәдени және эколо­гиялық бай мұрасын сақтап танытатын, сондай-ақ халық­­аралық стандарттарға сай турис­тік орталық болмақ. «Geopark Aral» – ЮНЕСКО жаһандық гео­парк­терінің қатарына енуге ниетті Орта Азиядағы бірден-бір бастама. Бұл жоба экотуризмді дамыту, халықты экологиялық біліммен қамту, тұрақты табыс көзін қалыптастыру және Арал­дың бай мұрасын келер ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді. ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарк­терінің қатарына қосылсақ, бірнеше туристік нысанды халықаралық деңгейде дамыту үшін халықаралық қорлардан қаржы тартуға мүмкіндік туады. Жақында халық­аралық сарап­шылар геопарк аумағында негізгі ба­ға­лау миссиясын өткізді. Оның қоры­тындысы бойынша нақты шешім қабылданады, – деді аудан әкімі.

Байқағанымыз, жыл басынан бері ішкі туризм, өзге елден келушілер саны артқан.

Құрылыс саласында да серпін бар. Бірінші жартыжылдықта ауданда 21,7 млрд теңгенің құрылысы жүргізілді. Биыл 16,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырмен салыс­тырғанда 4,7 пайызға артық орын­далды.

Ауызсу мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді.   Өткен жылы 318 шақы­рым ауызсу желілері тар­тылды. Ақ­басты, Тоқабай, Ерімбетжаға және Тастүбек елді мекендері толықтай орталық­тан­ды­рылған ауызсу желісіне қосылды. Биыл Абай елді мекеніне ауызсу жеткізілді. «Арал-Сарыбұлақ» топ­тық су құбырының 200 шақырымнан астам бірін­ші желісінің 80 пайызы тозған. Оған былтыр республикалық бюджеттен 5,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 23 шақырым су құбырының құрылысы аяқ­талды. Биыл жұмысты жалғастыруға респуб­ли­калық бюд­жет­тен 1,2 млрд теңге қаралып, 30 шақы­рымнан астам су құбырының құрылысы жүргізілуде.

Халықты баспанамен қамтуда жүйелі жұмыс бар. Өткен жылы 150 пәтер берілсе, жыл соңында тағы 2 пәтерлік 30 тұрғын үй өз иелеріне табысталды. Биыл 2 пәтерлік 100 тұрғын үй салынады. Сондай-ақ Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі ескірген, күрделі жөндеуге жарамай қалған вокзалдардың орнына жаңа ғимараттар бой көтеруде.

Бүгінде аудан халқының 74,3 пайызы газбен қамтылған. Биыл авто­матты газ тарату станциясы ашылып, Қамыстыбас елді мекеніне «көгілдір отын» берілді. Осы газ тарату станциясы ар­қылы алдағы уақытта 18 елді мекенді табиғи газбен қамтуға мүмкіндік туа­ды. Қазіргі таңда демеушілік қара­жат есебінен «Қамыстыбас-Қара­шалаң» ма­гистральдық газ құбырын салу жо­басы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Сондай-ақ Қосжар, Аман­өткел, Бөген елді мекендерін табиғи газбен қамта­масыз ету мақса­тында жоба-сметалық құжаттама­лар әзір­ленуде. Жоба толық іске асқанда аудан тұрғын­дарының 90,3 пайызы табиғи газдың игілігін көреді.

Маңызды жобалардың бірі – «Бейнеу-Сексеуіл» автожолының құрылысы. Ұзындығы 559 шақырым жолдың 189 шақырымы ауданға тиесілі. Жоба толы­­ғымен жүзеге ас­қанда, қолданыстағы ТРАСЕКА (Еу­ропа-Кавказ-Азия көлік дәлізі) бағыты 900 шақырымға, Қытай Халық Рес­публи­касынан Ақтауға дейін жүк жеткізу мерзімі 2 тәулікке қысқарады. Бұл Транскаспий халықаралық көлік бағыты дәлізінің жанында экономи­калық тұрғыдан ыңғайлы орналасқан теміржол бо­йын­дағы елді мекендердің дамуына серпін береді. Сон­дай-ақ аудан орталығынан шалғайдағы Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман, Беларан елді мекен­деріне қатынайтын автожолдың мәселесі де түбегейлі шешімін табады.

Көлік инфрақұрылымын дамытуда тындырым­ды іс атқарылуда. Жолдар мен көшелер жөнделіп, жарық­тан­дырылды. Электрмен жабдықтау сапа­сын жақсарту үшін жаңғырту жұмысы жанданған.

Аудан әкімі білім, денсаулық, мәдениет пен спорт сала­ларында атқарылған ауқымды жұмыс­тарға да тоқталды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»