Кәсіпкерлер – жасампаз инноваторлар

529

0

Фото: ашық дереккөз

Кәсіпкерлік қызмет – Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасайтын қызмет түрі.

Дамыған елдердің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту экономиканы нығайту үшін қолайлы алғышарттар жасайды. Атап айтқанда, нарықта тауарлар мен қызметтер көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері өмірге енгізіледі, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалыптасады. Нәтижесінде кәсіпкерлік жүздеген мың адамдар үшін тартымды сипатқа ие болып, нарық экономикасының қажетті элементіне айналады.

Қазіргі уақытта  Қазақстанда кәсіпкерлік білімнің маңыздылығы артып келеді. Бұл тренд мемлекеттің алға қойған мақсат-міндеттерімен де үндесіп жатыр. Осы тұрғыдан, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда адамдардың бойында еңбекке, кәсіпкерлікке, өз ісін бастауға деген көзқарасты қалыптастыру маңызды болып отыр. Өз ісімен айналысу туралы шешім қабылдай отырып индивид отбасы дәстүрін жалғастыру, өз дербестігін дәлелдеу, халық кәсібін жаңғырту сынды мүмкіндіктерге ие болады. Бұл тізбектің ең басты бөлігі – салық төлеуден кейін тауар мен қызмет сатудан түскен табысты өз қалауы бойынша пайдаланады және отбасы бюджетін толтырады.

Қаржылық сауаттылық экономикалық саясатты тұрақтандыра түсуге және оны демеуге мүмкіндік береді, өйткені мемлекет қолданған шараны халық айқын түсінетін болады. Қаржылық білімді ұштай түсу керек екендігін сезінудің өзі жаңа глобальді экономика құрудағы талаптардың бірі. Сонымен қатар, кәсіпкерліктің іргетасын қалауға себеп болатын түйткілдердің бастамасы болып табылады.

Сонымен бірге, «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні Қазақстан Республикасының Президенті Жолдауындағы Қазақстанның модернизациясы аясында және алға тартылған басымдықтардың бірі – нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру арқылы бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейтуге сәйкес Қазақстан Республикасының мектептеріне арналып әзірленді. Пәнді оқытудың мақсаты кәсіпкерлік, экономика, менеджмент және маркетинг негіздері бойынша оқушыларға базалық білімдер беру, өз таңдауы үшін жауапкершілікке үйрету, кәсіпкерлік ойлау жүйесі мен белсенді өмірлік ұстанымдарын қалыптасыру, қазіргі заманғы нарықтық жағдайда болашақтағы дербес әрекетіне қажетті дағдылардың практикалық базасын қалыптастыру болып табылады. Сонымен  қатар, студенттік бизнес инкубаторлар студенттер арасында инновациялық іскерлікті дамытуға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлік процестің басты қызметі – инновация. Оның көмегімен кәсіпкерлер байлықты жасаудың жаңа көзін табады, не болмаса қолдағы бар ресурстарды байлықты жасайтын зор потенциал ретінде қарайды.

Инновация – кәсіпкердің мұмкіндікті нарықтағы артықшылыққа айналдыру процесі. Мүмкіндіктерді анықтау кәсіпкерлікте аса өзекті орын алады. Кәсіпкерлік өзегі экономикада болашақ өсімі бар тауарларды өндіруге көрсетілетін қызметтерді дамытуға ықпал жасайтын мүмкіндіктерді не үшін, қашан және қалай  қолдануға болады деген сауалдармен тығыз байланысты.   

Мүмкіндіктерді дұрыс танып білу – жеке және қоғам байлығының «негізгі тірегі».

Кәсіпкерлер – қайшылықтар мен түсініксіз жайттарды көрген жерден жаңа мүміндіктерді тани білетін адамдар. Олар нарықтағы өзгерістерді батылдықпен жүзеге асырушылар. Олардың құштарлығы мен қозғалысы бизнес әлемін алға сүйрейді. Кәсіпкерлер үнемі тосын, тылсым дүниемен таласқа түсіп, болашаққа қарай талмай серпіліс жасап отырады.

Кәсіпкерлер армандап қана қоймай, креатив ойлап, оны жүйелі әрі қисынды сараптай алады. Бұл – табысты инновацияның кілті. Оған қоса, кәсіпкерлер қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін әрдайым жаңа мүмкіндіктерді іздестіреді. Біреулер проблема көретін тұстан мүмкіндіктерді көріп, бағдарлап, оны іске асыру жолдарын қарастырып отырады.

Жалпы, жаңаша ойлай алатын адамдар кез-келген ақпаратты қорытып, өңдей алады. Бұл – инкубациялық процесс.

Кәсіпкерлер әрқашан қырағы, әрдайым ішкі және сыртқы ортаны бағдарлап жүреді, олар байқайтын мүмкіндіктерді өзгелер байқай бермеуі мүмкін.

Жаңаша ойлауға жеткізетін әдістер: кітап оқу, сол салада жұмыс істейтін адамдармен әңгімелесу, кәсіби семинар мен жиындарға қатысып, оған қатысты ақпараттар мен зерттеулерді сараптау, ел-жерді саяхаттау, өзіңізді алаңдатқан мәселе жайында талқылау, қажетті ақпараттарды жазып жүру.

Меруерт ӨМІРЗАҚОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<