Құрылтай

Кәсіпкерлік нысандардың жұмысы тұрақты

19

0

Сырдария ауданында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі байқалып отыр. Жыл басынан бері өнім өндіру көлемі ұлғайған, кәсіпкерлік саласында оң өзгерістер көрініс берді. Ауыл шаруашылығында ауқымды істер атқарылып, білім, денсаулық және өзге де салаларда байыпты бастамаларға жол ашылды.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың айтуынша, жергілікті бюджет жыл басында 10 млрд теңгеге бекітілсе, шілде айындағы нақтылаумен ол 13 млрд теңгеге жетті. Алғашқы тоқсанда 55,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 4 есе артты. Өңдеу өнеркәсібінде де осындай өзгерістер бар.

– Ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазір 2354 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның 98,3 пайызы халыққа тұрақты қызмет көрсетеді. Биыл мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 70 жобаға қаржылай қолдау жасалды. Бұл жобалар «Қызылорда» өңірлік инвести­циялық орталығы, «Аграрлық несие кор­пора­циясы», «Қазагроқаржы» меке­мелері және «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолдау тапты.

Ауданның негізгі тіршілік көзі ауыл шаруашылығына бағытталған. Осы орайда агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін тиісті іс-шаралар атқарылып келеді.  Биыл 32473 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 18541 гектары – күріш. Шаруашылық құры­лымдары 4000 гектар алқапқа лазерлік тегістеу жүргізді, – деді аудан әкімі өңірлік ком­муникациялар қызметінде өткен брифингте.

Атап өтерлігі, жақында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының іргетасы қаланды. Жоба құны – 40 млрд теңге. Игілікті істі «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серік­тестігі қолға алып отыр. Бұл жұмыс суды аз қажет ететін дақылдарды әртараптандыру бағытында жүзеге асады. Онда алғашқы кезекте өнім жинау қоймасы мен кептіру қондырғысы орнатылады. Өнеркәсіп орны қазан айынан жүгері дақылын қабылдай бастайды. Толық аяқталғанда 500 адам еңбекпен қамтылады. Жергілікті шаруалар 738 гектарға жүгері дақылын екті.

– Ауданда аяқсу шығынын азайту ісіне мән беріліп отыр. Шаруашылықтар демеушілігімен 7 каналды бетондау үшін  жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Бұл келешекте 95 шақырым канал ішін бетондауға жол ашады. Биыл қашыртқы, каналдарды тазалау, гидро­техникалық құрылыстарды жөндеуге көңіл бөлінді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, баға тұрақтылығын сақтау үшін 809 гектар көкөніс-бақша дақылдары егілді. Атап айтқанда, Айдарлы, Жетікөл, Аман­келді, Шіркейлі, Бесарық, А.Тоқмаған­бетов ауылдарында жастар брига­далары игілікті істі қолға алды, – деді аудан әкімі.

Ауданда өткен жартыжылдықта 10,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, құрылыс жұмыстарының көлемі 15,1 млрд теңге болды. Тереңөзек кентінен осал топтарға 100 пәтерлік 50 тұрғын үй сатып алуға 1,5 млрд теңге бөлінді. Облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолының бойында орналасқан көпірді күрделі жөндеуге мән берілді. Аудан орталығындағы теміржол вокзалы заманауи талаптарға сай жаңадан салынуда.

Сырдариялық тұрғындар сапалы ауыз­сумен толықтай қамтамасыз етілген. Былтыр «Сыр суы» өндірістік бөлімшесі арқылы Айдарлы, Жетікөл, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Ақжарма, Іңкәрдария, Қалжан ахун елді мекендерінің су жүйелеріне күрделі жөндеу жасалды. Ендігі кезекте Тереңөзек кенті, Аманкелді, Бесарық, Шаған, А.Тоқ­мағанбетов, С.Сейфуллин ауылдарында жалғасын табуда.

– Ауданда елді мекендерді табиғи газбен қамту көрсеткіші жыл өткен сайын жақсарып келеді. Былтыр Н.Ілиясов, Шаған тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізді. Биыл бұл үшін республикалық және облыстық бюджет есебінен 5,1 млрд теңге қаралған. Бүгінде Ақжарма елді мекенін газдандыру толықтай аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдарына тиісті қаражат қарастырылса, Бесарық елді мекеніне газ тарту жақын арада қолға алынады. Осылайша алдағы уақытта ауданда газбен қамту көрсеткіші 80 пайыздан асады, – деп аудан әкімі сөзін толықтырды.

Қазір Сырдарияда электр желісінің тозу деңгейі 61 пайыз, жақын арада 50 пайызға дейін төмендету ойластырылып отыр. Кейінгі жылдары Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл, Шаған, Қалжан ахун ауылдарында электр желісін қайта жабдықтау толықтай аяқталды. Енді мұндай жұмыстар А.Тоқмаған­бетов, С.Сейфуллин елді мекендерінде жал­ғасады. Оған қоса мұндай жобаны Тереңөзек кенті мен Н.Ілиясов ауылында жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінім берілді.

– Айта кетсек, ауданда үш ауысымда оқитын және апаттық жағдайдағы мектеп жоқ, 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер бала­бақшамен толықтай қамтылған. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы бойынша компью­терлік томография, цифрлы маммограф, пор­тативті УЗИ, жылжымалы рентген аппарат­тары орнатылып, диагностика жаңа деңгейге көтерілді. Аудандық ауруханада терапия бөлімшесі қайта жаңғыртудан өткізілді. Мәдениет және руханият, спорт салаларында да оң өзгерістер бар, – деді аудан әкімі сөзін түйіндеп.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»