Мемлекеттік мәртебе беріледі

958

0

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріледі. Мемлекет басшысы ҚР Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойына арналған мәжілістің салтанатты сессиясында осылай деді.

Ұлтқа ұстын болатын зиялы қауым бас қосқан үлкен алқаға Сыр бойының мақтаныштары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, академиктеріміз Бақберген Досмамбетов пен Қылышбай Бисенов қатысты.

– ҚР Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Тәуелсіз Қазақстан ғылымының негізін қалаған академиктер басқосқан шарада көкейде жүрген көп мәселелер қаузалып, шешімін тапты. Сессияда сөз сөйлеген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ғылым мен өркениеттің мән-маңызына ерекше тоқталып, академияға мемлекеттік мәртебе берілетінін, сонымен қатар, ғылым жолында үздіксіз ізденісте жүрген академиктерге өмірінің соңына дейін ай сайынғы стипендия тағайындалатынын хабарлады, – деді Қ.Бисенов.  

Тағы бір жағымды жаңалық, Қасым-Жомарт Кемелұлы осыған дейін пікір қайшылықтарын туындатып жүрген Білім және ғылым министрлігінің функционалдық міндеттерін қайта қарауды, ғылым мен ЖОО-ның жұмыстарына уәкілеттілік жасайтын жаңа құрылым құруды тапсырды.

– Одан бөлек, ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғылыми әлеуетін күшейтуді, оның мемлекет қамқорлығында болатынын және ғылыммен үздіксіз шұғылданып жүрген ғалымдарға жасалатын әлеуметтік қолдаудың ұлғаятынын жеткізді. Ғылым академиясының жаңа тарихи қадамы өзінің нәтижесін береді деген ойдамын. Жаңа Қазақстанның ғылыми әлеуеті жаңа серпінмен дамиды деп есептеймін, – деді Қ.Бисенов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<