Конституция

Пробация есебіндегі азаматтар Қорқыт ата кешеніне тағылымды сапар жасады

6

0

Фото: ҚАЖД

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтар үшін «Қорқыт атаға тағзым» атты мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – пробация есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіру, олардың рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайту және ұлттық мәдени мұраға деген құрметін арттыру.

Тағылымды шара аудандық прокуратураның, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің және Қармақшы аудандық пробация қызметінің бірлескен ұйымдастыруымен өтті.

Қатысушылар түркі дүниесінің ұлы ойшылы әрі қобыз өнерінің негізін қалаушы Қорқыт атаға арналған мемориалдық кешенге барып, мұражай экспозицияларымен танысты. Кешен қызметкерлері Қорқыт атаның өмірі мен мұрасы туралы кеңінен баяндап, тарихи аңыздар мен ұлттық құндылықтар жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ келушілер желдің әсерінен қобыз үнін шығаратын сәулет ерекшелігін тамашалап, ерекше әсер алды.

Іс-шараға қатысқан пробация есебіндегі азаматтардың бірі мәдени кездесудің тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүгінгі іс-шарадан ерекше әсер алдым. Қорқыт ата кешенінің тарихымен танысып, ұлттық құндылықтарымыз туралы мол мағлұмат алдым. Осындай тағылымды кездесулер адамға ой салып, өмірге деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта заң талаптарын сақтап, қоғамның белсенді әрі пайдалы азаматы болуға бар күш-жігерімді саламын. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараларды ұйымдастырған азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді ол.

Мұндай мәдени-танымдық іс-шаралар пробация есебіндегі азаматтардың қоғамға бейімделуіне, құқықтық санасының артуына және олардың оң өмірлік ұстаным қалыптастыруына ықпал етеді.