Үш облыстың әлеуеті артып келеді

318

0

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әкімшілік-аймақтық құрылымын жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударып, жаңа үш облыс құру туралы ұсыныс білдіргені есімізде. Көп ұзамай 2022 жылдың маусымында республика картасында Абай, Ұлытау және Жетісу атты жаңа үш аймақ пайда болды. Міне, содан бері 1 жыл уақыт өтті. Осы тұста жаңа облыстардың даму қарқыны көңіл көншітеді.

Президент бастамасымен құрылған аймақтардың қадамы оңды болып жатқанын аңғару қиын емес. Бұрынғы Семей облысы ШҚО құрамынан бөлініп шығып, Абай облысы болып бекітілді. Қазір оның құрамына сегіз аудан және облыстық маңызы бар екі қала – Семей және Курчатов кіреді. Мәселен, облыста 2023 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңге 3,4 трлн теңгеге бағаланған жобалар жоспарланып отыр. Одан бөлек, тек Семей қаласына ғана тартылған инвестиция көлемі артып келеді. Осының  барлығы аймақтағы экономикалық көрсеткіштің біршама жақсаруына септігін тигізген. Былтыр облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 млрд теңгеге жуықтаса, жыл басынан бері аймаққа 197 миллиард теңге инвестиция тартылған. Сондай-ақ өңірде тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында да маңызды шаралар жүзеге асып жатыр. Биыл жыл басында Үкімет аталған аймақтың 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын бекітті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында 9 бағыт бойынша 102 іс-шара көзделген. Өнеркәсіпті дамытуға – 8 іс-шара, оның ішінде тау-кен байыту комбинатын салу және «Айдарлы» мыс кен орнын өнеркәсіптік игеру бар. 2028 жылға қарай облыс экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1,5 есе өсіммен 1,4 трлн теңгеге жетеді деп жоспарланған.

Жаңадан құрылған аймақтың бірі – Ұлытау облысы болатын. Оның құрамына үш қала – Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев, екі аудан – Жаңаарқа және Ұлытау кірді. Облыстың жалпы ауданы – 18 893 661 гектар. Ел Үкіметі Ұлытау облысын дамыту мақсатында 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық кешенді жоспар бекіткені есте. Көз жүгіртер болсақ, қазір өңірді жандандыру жолында атқарылуы тиіс жұмыстар жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Өңірге республикалық бюджеттен 375 млрд теңге тартылған. Оның ішінде 144 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, ал 1,8 трлн теңге – инвестиция. Бөлінген қаржы негізінен металлургия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын дамытуға бағытталған. Алдағы уақытта облыста 9 жаңа зауыт пен өнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 11 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 130 шақырым жылу желілерін, 300 шақырым су құбыры желілерін және 127 шақырым су бұру желілерін салу жоспарланған. Сондай-ақ облыста медициналық мекемелердің жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін 5 денсаулық сақтау объектісін салу және күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Ал білім беру саласында 880 орындық 4 жаңа балабақша мен 1100 оқушыға арналған 4 оқушылар сарайын іске қосу жоспарланған. Өңірді дамыту мәселесінде мәдениет және спорт саласы да назардан тыс қалмады. Облыс бойынша 6 мәдениет нысаны, оның ішінде музыкалық-драма театры, амфитеатр және 10 спорт нысанын салу және реконструкциялау туралы жоспар әзірленген. Ең бастысы, облыс 2026 жылға дейін 9,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құрмақ. Бұның өзі – ауыз толтырып айтар дүние.

Ал Жетісу облысының құрамында 10 аудан мен екі қала бар. Жаңадан құрылған Жетісу облысы халқының саны – 667 мың адам. Облыс әкімдігінің 2025 жылға дейінгі жоспарында жалпы сомасы 640 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы секторына бағытталған 178 жобаны іске асыру көзделген. Өңірдің жер көлемі 11,8 млн гектарды құрайды. Оның 4,5 млн гектарға жуығы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, оның ішінде 3,7 млн гектар жайылым жер. Қазір өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 165 компания жұмыс істейді. Ал 2022 жылдың аяғына қарай АӨК кәсіпорындары құны 476 млрд теңгеден астам сомаға тең болатын өнім өндіріпті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңірін дамытуды тікелей өз бақылауына алып, кейбір мәселелерге арнайы назар аударды. Өйткені Жетісу облысының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті зор.

«Бүгінде Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Облыстың суармалы жерлерді игеруге зор мүмкіндігі бар. Бүгінде аймақтағы жер суаратын желілердің 70 пайызы тозып тұр. Оның бәрін жаңғыртып, қалыпқа келтіру керек. Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарында суармалы жердің көлемін 18 мың гектарға ұлғайтуға болады», – деген еді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Осылайша аталған өңірлер аудандық деңгейден облыстық деңгейге өтіп, жаңа мәртебе алды. Абай, Ұлытау және Жетісу өңірлерін жаңа әкімшілік орталықтарға айналдыру, оларға мемлекет бюджетінен қаржы бөліп, арнайы инвесторлар тарту әлеуметтік-экономикалық жағдайы әлсірей бастаған аймақтардың қайта дамуына ықпал ететіні сөзсіз.

Мадияр Төлеу

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<