Суретші шеберлік дәрістерін өткізеді

475

0

Қай кезеңде болмасын қазақтың ұлттық бұйымдары өз құндылығын жойған емес. Қазірдің өзінде елімізде ғана емес, шетелдіктер де мойындап, асқан қызығушылықпен қарайды. Қолөнершілер негізінен табиғи шикізаттарды пайдаланып, қарапайым еңбек құралдарының көмегімен көркем композицияның шешімімен тұрмысқа қажетті мүліктер, музыкалық аспаптар, қару-жарақ, құрал-саймандар жасайды. Әрбір қолөнер туындысы өз заманының материалдық мәдениетінің үлгісі және халық талғамының, әлеуметтік қоғамдық жағдайының, діни сенімінің, салт-дәстүрінің нақтылы көрінісі.
Қазақ халқының қолөнерінде киіз үй жабдықтарын жасау, түйін түю, ши орау, кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу, сондай-ақ моншақ, білезік, сақина, сырға, алқа, шолпы сияқты зергерлік бұйымдар жасау кең дамыды. Қазіргі таңда да атадан мұра болып қалған бұл өнер жойылып кеткен жоқ.
 «Ал олардың нақышын бұзбай бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру бүгінгі шеберлердің алдындағы үлкен міндет», – деп санайды қолөнер шебері Сұлтанғали Әбдірейім. Шебер осы мақсатта қала тұрғындарына шеберлік сағатын өткізеді. Онда жастарға ұлттық бұйымдарымызды жасаудың қыр-сыры, өзіндік құпиялары айтылады. 7 жылдан бері қазақтың әшекей бұйымдарын жасап жүрген Сұлтанғали Әбдірейім  «QOLONER» ұлттық нақыш орталығымен тығыз байланыста.
Сонымен қатар, әлемге әйгілі түркітілдес ноғай ұлтының график-суретшісі Әлібек Қойлақаев та «өңделген штрих» бірегей техникасы бойынша графика өнерінен арнайы шеберлік сағаттарын және шығармашылық семинарларын  өткізеді. Оған  қала тұрғындары мен қонақтарына тегін қатыса алады.
Шараны  «QOLONER»ұлттық нақыш орталығы мен облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы бірлесе ұйымдастырып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<