Құрылтай

Су шаруашылығы және ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті

4

0

Фото: Шиелі ауданы әкімдігі

Кеше «Бұдабай Қабылұлы» атындағы аудандық мәдениет үйінде Су шаруашылығы және Ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне арналған салтанатты шара өтті.

Мерекелік жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, сала мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Аудан әкімі өз сөзінде шілде айының басы ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың мәртебесін айшықтайтын ерекше кезең екенін атап өтті. Қазақстанда жыл сайын 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні, ал 10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күні ретінде аталып өтетінін айтып, осы маңызды салалардың ел дамуындағы орнына тоқталды.

Сонымен қатар, Жаңа Конституция заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғауға, әділдік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын орнықтыруға бағытталғанын атап өтті. Ата заңымыз «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа мемлекеттік басқару мәдениетінің берік іргетасын қалыптастыратынын жеткізді.

Сөз барысында Сыр өңірінің ежелден судың қадірін терең түсінген өлке екеніне тоқталған аудан әкімі бүгінгі таңда су шаруашылығы экономиканың, ауыл шаруашылығы мен экологияның өзара тығыз байланысқан стратегиялық салаларының бірі екенін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, су саласына мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп, ауыз сумен қамтамасыз ету, су тапшылығының алдын алу және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Бүгінде аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылып отыр. Сонымен қатар, «Шиелісушар» мекемесінің жүйелі жұмысының нәтижесінде суару инфрақұрылымы жаңғыртылып, каналдар мен қашыртқылар тазартылып, су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылуда.

Өз сөзінде ветеринария саласының да маңыздылығына ерекше тоқталған аудан әкімі бұл қызметтің халық денсаулығын қорғауда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және мал шаруашылығын дамытуда стратегиялық рөл атқаратынын атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ветеринариялық жүйені нығайту және сала мамандарын қолдау жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде кешенді жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың бастамасымен ветеринария саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, инфрақұрылымы жаңартылып жатқанын жеткізді.

Салтанатты жиын барысында су шаруашылығы және ветеринария салаларында жемісті еңбек еткен бірқатар мамандар мен сала ардагерлері облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, сондай-ақ ауданның жоғары марапаты Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, әсем ән мен күмбірлеген күй көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі