Су тасқыны: Бәріне де дайын болуымыз керек – Еділ Жаңбыршин

147

0

Фото: parlam.kz

Қазіргі кезде елімізде су тасқынына байланысты ахуал барша жұртшылықты алаңдатып отыр. Соның ішінде Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарына Ресей аумағынан бастау алатын Жайық өзенінен келетін қауіп сейілмей тұр. Осыған орай БҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді.

– Еділ Терекбайұлы, осының алдында Атырау облысында болдыңыздар. Енді Батыс Қазақстанға келдіңіздер. Не көрдіңіз, не түйдіңіз ?

– Иә, Мәжілістің бір топ депутаты бірнеше күн Атырау облысында болдық. Жайық өзені бойында орналасқан Махамбет ауданы, Атырау қаласының хал-ахуалымен танысып, дайындық жұмыстарын қарадық. Сондай-ақ Құлсары қаласында болып, үйлері суға кетіп, жапа шеккен тұрғындардың уәждерін тыңдадық, бірқатар жайттар бойынша түсінік бердік. Олардың барлық талаптарын облыс әкімі Серік Шәпкеновке жеткіздік. Кейбір мәселелер сол жерде шешіліп жатты. Зардап шеккендерге залалды өтеу сияқты мәселелерге уақыт керек. Қауіп төніп тұрған аймақтың бірі – Батыс Қазақстан облысы. Жайық өзенінің Ресейден келетін тасқын суын бірінші қабылдайтын да осы өңір. Облыстық жедел штабта бізге мәлім еткеніндей, 84 елді мекен мен Орал қаласының өзіне қауіп төніп тұр. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған 350-дей ауыр техника жұмылдырылған. Оған қоса республика өңірлерінен арнайы техникалар келіп, қала мен аудандарға бөлінуде. Ресей аумағынан келе жатқан судың деңгейі өте жоғары. Бізге берген мәлімет бойынша Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы қауіпті деңгейі 850 сантиметр болса, Орынборда – 930 сантиметр. Орынбор қаласында су деңгейі 11 метр 87 сантиметрге жетіп, қауіпті шектен 2,5 метрге жуық асып кетті. Орынбордан Оралға келгенше, судың тек қана 5 пайызы жайылып кетеді екен. Сонда бұл өте мол су келеді деген сөз. Оралдағы Коминтерн ауылында болып, Жайықтың жағалауын бекіту жұмыстарымен таныстық. Кезінде көп техника Атырау облысына қарай жұмылдырылған еді. Біздің ойымызша, бірінші кезекте Батыс Қазақстан облысында қорғану іс-шаралары алынуы керек. Атырауға барғанша Жайық суының 60 пайызы жайылып кетеді екен, демек, су деңгейі түседі. Қазіргі таңда Оралда әзірлік жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бөгеттердің биіктігін 12 метрге дейін көтеруде. Дегенмен кейбір жерлерден су өтіп кетуі мүмкін. Оған да техникалар, адамдар дайын болуы керек. Батысқазақстандық кәсіпкерлер, депутаттар да өз техника, материалдарын беріп, сүбелі үлес қосуда екен. Осындай қысылтаяң уақытта халық ауызбіршілік көрсетіп, жұмыла еңбек етуі керек.

– Тұрғындардың көңіл-күйі қалай екен ?

– Орал қаласындағы сервис және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында орналасқан тұрғындармен тілдестік. Олар да «Жағдайымыз жаман емес, балалар онлайн оқиды», деп айтып жатыр. Медпунктте дәрігерлер кезекшілік етеді, тегін тамақ ұйымдастырылған. Біз Батыс Қазақстан облысында бірнеше күн боламыз. Оқиға қалай өрбиді, соның бәрін қарап, бақылап, көмек керек болса, жәрдемдесетін боламыз. Су кодексі қабылданайын деп жатыр, су тасқынын ескере отырып, оған да өзгерістер енгізу қажет шығар.

– Суға кеткен тұрғын үйлердің мәселесі белгілі ғой. Ал саяжай үйлері не болмақ ?

– Мемлекет басшысы да, Премьер-министр де ешкім, ешбір отбасы көмексіз қалмайды деп шегелеп айтты. Құжаты болмаса да, азаматтарға жәрдем берілмек. Адам баласына түскен қиындық болғаннан кейін комиссия бәрін тексеріп, бағалап, қорытынды шығаруы керек. Содан кейін өтемақы мемлекет, сондай-ақ кәсіпкерлер бар, басқа да қаржы көздері есебінен беріледі немесе жаңадан үй салынады. Бұл жерде баса айтатын жайт, жергілікті комиссиялар нақты жұмыс жасап, бюрократиялық кедергілерге жол бермей, әділ де тез шешуі керек. Қисыны табылмай жатса, орталық органдарға жүгінуі қажет. Өйткені алдымызда күз бар, қыс бар. Еліміздің оңтүстік өңіріне қарағанда, Батыс Қазақстанда салқын ерте түседі. Сондықтан екі-үш айдың ішінде шешіп тастауымыз керек деп ойлаймын.

Кейінгі кездегі болжам бойынша Жайықтың тасқын суы 17-19 сәуір аралығында келеді деп жатыр ғой ?

– Иә, мамандар бәрін есептеуде. Жайық күн сайын көтерілу үстінде. Енді сол шарықтау шегі 18-20 сәуір шамасында болмақ деп айтылуда. Сол келген кезінде көреміз.

Батыс Қазақстан облысы су тасқынының екінші толқынына барынша дайындалып жатыр. Әлеуметтік желілерде қара аспанды төндіріп, қала түгел суға кетеді екен деп жатқандар бар, бұған байланысты не айтар едіңіз ?

– Ондай адамдар табылады. Кейбіреулер білмей айтады, кейбіреу әдейі таратады. Бұл жерде, ең бастысы, ресми ақпарат көздеріне сену керек. Екіншіден, жедел штабтар нақты ақпаратты жасырмай, халыққа лезде беріп отыруы қажет. Сонда ғана дүрбелең болмайды.

Әңгімеңізге рахмет.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты Орал қаласының барлық мектептері онлайн оқытуға көшетінін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Оралда үйі суға кеткен тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ түрді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<