Сырдария ауданында су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Берік Сәрменбаев баяндады.
Биыл ауданда 32 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Су тапшылығына байланысты күріш көлемі қысқартылып, жүгері алқабы ұлғайтылды. Сонымен қатар 40 млрд теңгелік жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
– Су үнемдеу мақсатында лазерлік тегістеу жұмыстарының көлемі артып, егіс алқаптарының 80 пайызынан астамы заманауи технологиямен тегістелді. Сондай-ақ каналдарды бетондау және гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту жобалары қолға алынған. Су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығын жаңа технологияларға көшіру уақыт талабы. Сондықтан өндірісті әртараптандыру мен су үнемдеу жобаларына ерекше көңіл бөліп отырмыз, – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.
Айта кетейік, су тапшылығына байланысты суды аз қажет ететін дақыл егу және ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бағытында «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігінің «Жүгері дақылын терең өңдеу зауытының» құрылысы жүргізілуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметі






