Құрылтай

Сырдан шыққан жаңа чемпион

4

0

Қызылорда облысының тумасы, қазақстандық ММА файтері Иманғали Қожахмет Мәскеуде өткен Open FC 67 турнирінде жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуді иеленді. Жеңіліссіз келе жатқан қазақстандық ресейлік Шалбуз Эседуллаевты бес раундтың қорытындысы бойынша ұтып, кәсіби мансабындағы оныншы жеңісіне қол жеткізді.

Open FC ұйымының жеңіл салмақтағы чемпиондық атағы сарапқа салынған жекпе-жек бес раундқа созылды. Белбеудің сол кездегі иегері Шалбуз Эседуллаев бұған дейін кәсіпқой аренада жеңіліп көрмеген тәжірибелі спортшы болатын. Алайда шешуші айқаста қазақстандық файтер қарсыласына өз жоспарын жүргізуге мүмкіндік бермеді.

Иманғали тік тұрып айқасуда ғана емес, партердегі күресте де басымдық танытты. Ол қарсыласын бірнеше рет жерге алып, үстіңгі позицияда бақылап, әр раундта ұпай қорын молайтып отырды. Жекпе-жек толық бес раундқа созылғанымен, жеңімпазға қатысты күмән болған жоқ. Төрешілер жеңісті бірауыздан Қазақстан өкіліне берді. Есеп – 50:44, 50:45 және 50:45. Осылайша, Иманғали Қожахмет Open FC лигасының жаңа чемпионы атанды. Ал Шалбуз Эседуллаев кәсіби мансабында алғаш рет жеңіліп, белбеуінен айырылды.

24 жастағы Иманғали Қожахмет Жалағаш ауданына қарасты М. Шәменов ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы Сыр бойындағы ауыл тіршілігімен сабақтас өтті.

– Балалық шағымыз ауылдың құмында аунап, Сырдарияның суына шомылып өтті. Кейін отбасымызбен Қызылорда қаласына көштік. Сол кезден бастап спортқа ден қоя бастадым. Бала күнімде бірнеше спорт түріне қатысып көрдім. Ақырында жекпе-жекті таңдадым, – дейді ол.

Иманғалидың спорттағы алғашқы қадамдары мектеп қабырғасында басталған. Ол төртінші-бесінші сыныпта жүрген кезінен жаттығу залына барып, жарыстарға қатыса бастаған.

– Алғаш рет жекпе-жекке шығу оңай болған жоқ. Дебют алдында толқу болады, ойыңдағының бәрін бірден көрсете алмауың мүмкін. Жалпы, әр кездесу өзіндік қиындығымен есте қалады. Бір айқас техникаңды жетілдірсе, екіншісі мінезіңді шыңдайды. Осындай сындардан өте келе тәжірибе жинайсың, – дейді файтер. – Әр жекпе-жектен жаңа тәжірибе аламын. Жинаған білімің мен көргенің көбейген сайын алға жылжуға мүмкіндік туады. Бұрынғы айқастарда жіберген қателіктерімді қайталамауға тырысамын. Жеңіс көбейген сайын жауапкершілік те арта түседі. Осы тәжірибенің бәрі спортта өсуіме көмектесіп келеді.

Open FC чемпиондық белбеуі үшін өткен кездесу оның жеңіл салмақтағы екінші айқасы болды. Бұған дейін ол жартылай жеңіл салмақта өнер көрсеткен еді. Соған қарамастан жаңа дивизионға тез бейімделіп, ұйымның сол кездегі чемпионы Шалбуз Эседуллаевты бес раундтың қорытындысы бойынша жеңді.

Чемпиондық жекпе-жекке дайындық Астанадағы «Takhtay Team» залында жүргізілді. Иманғали осы орта оның спорттық шеберлігімен қатар, тұлғалық қалыптасуына да ықпал еткенін айтады.

– «Takhtay Team» мен үшін жай ғана жаттығу залы емес. Мұндағы бапкерлер мен командаластарым спортта ғана емес, күнделікті өмірде де дамуыма көмектесіп жүр. Жаттықтырушы соққы жасауды немесе күресуді үйретумен шектелмейді. Ол тәртіпке, сабырлылыққа және жауапкершілікке баулиды, – дейді чемпион.

Айқасқа әзірлік барысында команда партердегі күреске айрықша мән берген. Бұл жоспар жекпе-жек кезінде өз нәтижесін көрсетті. Қазақстандық спортшы қарсыласының қозғалысын шектеп, күрес үстінде айқын басымдық танытты. Шалбуз Эседуллаевпен кездесуге дейін Иманғалидың кәсіби рекорды 9:0 болатын. Мәскеудегі жеңістен кейін ол көрсеткішін 10:0-ге жеткізіп, Open FC белбеуін иеленді.

– Чемпион атанған кездегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл жекпе-жекке дейін рекордым 9:0 еді. Жеңістен кейін 10:0 болды. Белбеу – ұзақ уақыт бойы атқарылған еңбектің нәтижесі. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Енді чемпиондық атақты қорғауым керек, – дейді Иманғали. ‒ Енді келесі үлкен мақсат – халықаралық ареналарда тәжірибе жинап, UFC ұйымына жол ашу. Болашақта Америкаға барып, жаттығу жоспарда бар. Қазір визалық мәселелерді шешу қажет. Оған дейін Open FC белбеуін қорғап, Еуропада да өзімді танытуым керек. Алда әлі атқарылатын жұмыс көп.

М. Шәменов ауылының құмында асыр салып өскен Сыр перзенті бүгінде халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғап жүр. Мәскеуде жеңіп алған чемпиондық белбеу оның кәсіби жолындағы маңызды белеске айналды. Ендігі сын – жеңіліссіз серияны жалғастырып, атағын қорғау және әлемдегі ең беделді жекпе-жек ұйымына жолдама алу.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»