Сырдариялықтар мерекелік марапат иеленді

191

0

Сырдария ауданында «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік!» атты салтанатты шара өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімі Ғ.Қазантаев қатысып, жиынға қатысушыларды ел Тәуелсіздігінің 27 жылдық мерекесімен құттықтады.
– Тәуелсіздік ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Тарихи тұрғыдан алғанда 27 жыл аз мерзім болғанымен, егемен елімізде ғасырға татитын ауқымды жұмыстар атқарылды. Біз бүгінде әлемнің бәсекеге қабілетті 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат етіп, өз бағытымызды айқындадық. Даму белестеріне қадам басқан Сырдария ауданында да жасампаз жұмыстар атқарылды. Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығын Сырдария ауданының тұрғындары мен еңбеккерлері табысты қарсы алып отыр,-деді аудан басшысы Ғ.Қазантаев.
Салтанатты шарада мемлекеттік қызметші атанған аудан әкімі аппаратының персоналды басқару кадр қызметі бөлімінің бас маманы Ақзира Бекзадаева мен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрлан Бәйкен ант берді.
Сонымен бірге, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хаты» беріліп, «Астана қаласының 20 жылдығы», «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.
Іс-шара соңында аудан өнерпаздары әуелете ән шырқап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<