Кейінгі жылдары елімізде газ өндірісі мен газға деген сұраныс қатар өсіп келеді. Бұған іске асып жатқан инвестициялық жобалар және тұтынушылар санының артуы ықпал етті.
Өңір тұрғындарының табиғи газ жаға бастағанына, отын тасып, күл шығарудан босағанына жиырма жылдан асыпты. Алдымен Қызылорда қаласының жылу көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіруге арналған жоба қолға алынды. Кейін облыстың елді мекендерін газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге аса бастады. Табиғи газ халықтың жайлы тұрмысына оң әсер еткен, әл-ауқатын жақсартқан игіліктердің бірі болғандықтан, жергілікті атқарушы органдардың мақсаты – ауыл-аймақты газдандыру ісін неғұрлым жетілдіре түсу.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ұсынған мәліметке қарағанда, кейінгі үш жылдың өзінде 56,5 млрд теңге бөлініп, 35 ауылға газ қосылған. Соның арқасында халықты газдандыру деңгейі 75 пайыздан 83 пайызға дейін өсті.
Биыл 14 жобаны іске асыруға 4,7 млрд теңге қаралған. Бұл – жыл соңына дейін тағы 10 елді мекен тұрғындары табиғи газ тұтына бастайды, газдандыру көрсеткіші 85 пайызға жетеді деген сөз.
Күнделікті қолданып отырған тауарлы газ тарифі қалай қалыптасады? Табиғи газ бағасының өзгеруіне не әсер етеді? Қазіргі уақытта тұрғындарды қызықтырған осы сауалдарға мамандар ұсынған ақпаратты негізге алып, жауап беріп көрейік.
Өткен жылы Қызылорда облысының тұрғындары 896 млн текше метр газ тұтынған. Өңірге екі магистральдық құбыр, атап айтсақ, 90 пайыздан астамы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры арқылы тасымалданады, қалған бөлігі «Ақшабұлақ-Қызылорда» газ құбыры арқылы жеткізіледі.
Табиғи газдың түпкілікті тарифі үш негізгі құрамдас бөліктен тұрады:
Біріншісі – көтерме саудадағы газ бағасы. Бұл – газ өндірушіден немесе өңдеушіден сатып алынатын газдың құны. Көтерме бағаны ҚР Энергетика министрлігі бекітеді.
Екіншісі – газды тасымалдау тарифі. Бұл газды магистральдық және газ тарату желілері арқылы тұтынушыға дейін жеткізуге кететін шығындарды қамтиды.
Үшіншісі – жабдықтау үстемесі. Оның құрамына газды өткізу, тұтынушыларға қызмет көрсету және авариялық-диспетчерлік қызметтердің шығындары кіреді.
Шілденің 1-не дейін облыс тұрғындары табиғи газдың 1 текше метріне 21,54 теңге қосылған құн салығынсыз (ҚҚС-сыз), ал қосылған құн салығын (ҚҚС) қоса есептегенде 24,99 теңге төлеп келді. Бұл тарифтің негізгі бөлігін көтерме саудадағы газ бағасы құрайды.
Энергетика министрінің 2025 жылғы бұйрығына сәйкес, ішкі нарықтағы тауарлы газдың көтерме саудадағы шекті бағалары қайта бекітілді. Соған сәйкес, 2026 жылдан бастап Қызылорда облысы үшін көтерме саудадағы газ бағасы 66 пайызға, қосылған құн салығын (ҚҚС) қоса есептегенде 1 текше метріне 21,1 теңгеден 35 теңгеге дейін өсті.
Аталған министрліктің ақпаратына сүйенсек, қазір 1 текше метр газды Қызылорда облысына дейін жеткізудің көтерме саудадағы өзіндік құны 59,61 теңге. Демек бекітілген көтерме баға 35 теңге болғандықтан, газды өндіру, өңдеу, тасымалдау және тұтынушыға жеткізуге жұмсалатын нақты шығындар толық өтелмейді. Соның салдарынан газды тасымалдап өткізетін «QazaqGaz» ұлттық компаниясы айтарлықтай шығынмен жұмыс істеуде.
Көтерме саудадағы газ бағасы өскен соң, облыс тұрғындары үшін табиғи газдың түпкілікті тарифі ҚҚС-пен бірге есептегенде 24,99 теңгеден 36,8 теңгеге дейін қымбаттады. Дегенмен өңірдегі тариф басқа облыстармен салыстырғанда орташа деңгейден төмен.
Табиғи газды тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Елді мекендер газдандырылып, жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік және өндірістік нысандар табиғи газға қосылып жатқандықтан, тұтынушылар саны көбеймесе азаймайтыны анық. Бұл жаңадан газ құбырларын салу, қолданыстағы желілердің өткізу қабілетін арттыруды талап етеді. Осы орайда «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталуда. Жоба газ тасымалдау жүйесінің сенімділігін күшейтуге, өткізу қабілетін арттыруға және жылдан-жылға өсіп келе жатқан табиғи газға деген сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Қолданыстағы магистральдық газ құбырларын, газ тарату станциялары және басқа да инфрақұрылым нысандарын кезең-кезеңімен жаңғырту үшін тұрақты қаржыландыру қажет.
Табиғи газ тарифін өзгерткендегі мақсат – тек төлемді арттыру емес, инфрақұрылымды жаңғырту, газ жүйесінің қауіпсіздігі мен сенімділігін, халықты сапалы табиғи газбен үздіксіз, ұзақ мерзімге қамтамасыз ету.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»





