Тәуелсіздік бойтұмары

20

0

Ту, Елтаңба, Әнұран. Олар – тәуелсіздіктің, ұлттық бірлік пен тұтастықтың символы. Осы құндылықтарды ұлықтау мақсатында Қызылорда қаласындағы Рәміздер аллеясында «Рәміздер рухы – Конституцияның күші» атты жалпыұлттық патриоттық акция өтті.

Мерекелік шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар ұйымдарының мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер және қала тұрғындары қатысты. Жиналған жұртшылықтың елге деген құрметі мен мақтаныш сезімі салтанатты жиынның мазмұнын айшықтай түсті. Рәміздер аллеясына жиналған қауым ел тәуелсіздігінің басты нышандарына тағзым етіп, мемлекеттік құндылықтардың маңызын тағы бір мәрте ұғынды.

Акция «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік символы» атты тағылымды прологпен басталды. Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, көк Ту көтерілді. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев көпшілікті мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы орны мен мәніне кеңінен тоқталды.

– Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың тарихи жады мен ұлттық болмысының айнасы. Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – тәуелсіз еліміздің ең қастерлі құндылықтары. Оларды құрметтеу – әр азаматтың қасиетті борышы әрі Отанға деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Рәміздерге деген құрмет елдік сананы нығайтып, жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастырады, – деді аймақ басшысы.

Шара барысында көрермендер назарына патриоттық әндер мен әдеби-музыкалық композициялар ұсынылды. Жергілікті өнерпаздардың орындауындағы отансүйгіштік рухтағы шығармалар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік көңіл күйді еселей түсті. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көркем қойылымдар мен шығармашылық нөмірлер көрермендердің ерекше ықыласына ие болды.

Салтанатты мереке мұнымен шектелмей, «Достық үйінде» жалғасын тапты. Мұнда өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды ұлықтауға арналған салтанатты жиын өтті. Аймақ басшысы олардың Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды қалыптастыру жолындағы еңбегін жоғары бағалап, қоғам игілігі үшін атқарып жүрген қызметтеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ мемлекет пен қоғамның дамуы әрбір азаматтың адал еңбегі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

Мәдениет қайраткері Шәкизада Әбдікәрімов сөз сөйлеп, Мемлекеттік рәміздердің ел бірлігі мен тәуелсіздігінің басты нышаны екенін атап өтті. Ол көк Ту, Елтаңба мен Әнұранның әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алған қастерлі құндылықтар екенін айтып, жастарды Отанға адал қызмет етуге, ұлттық құндылықтарды құрметтеп, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Шара аясында бірқатар азаматқа мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды. Президент Жарлығымен жерлестеріміз «Құрмет» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды. Бұл марапаттар ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, өз саласында табысты нәтижелерге қол жеткізген азаматтардың қажырлы қызметіне көрсетілген жоғары құрметтің белгісі болды.

Осылайша, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара­лар Сыр өңірінде елдік құндылықтарды ұлықтап, ұлттық рухты асқақтатудың жарқын үлгісіне айналды. Көк байраққа деген құрмет, Елтаңбаға деген тағзым және Әнұранға деген ілтипат жұртшылықтың жүрегіндегі отансүйгіштік сезімді одан әрі нығайта түсті. Тәуелсіздіктің басты нышандарын дәріптеуге арналған тағылымды басқосу ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызын айқындап, жас ұрпақтың бойына мемлекетшілдік қасиет пен туған елге деген сүйіспеншілікті сіңіруге бағытталған маңызды мерекелік шара ретінде есте қалды.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»