Тарихи-танымдық зияткерлік конкурс

255

0

Бүгін Қызылорда облыстық сотында сот мамандары арасында «Білгір» тарихи-танымдық зияткерлік конкурсы өтті. Байқау Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айқындалған ұлттық құндылықтарды қолдау, ұлттық кодты және дәстүрлі мәдениетімізді сақтау, рухани-мәдени білімді, тіл мәдениетін арттыру мақсатында өткізілді.
Өзінің алғы сөзінде облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Қалымбет сот мамандарының біліктілігін жетілдіруде, мамандар ортасында рухани жаңғырудың құндылықтарын түсіндіруде, сондай-ақ, ойлау қабілетінің кеңдігі мен инновациялық қабілеттерді ынталандыруға ықпал ететін зияткерлік байқаудың маңыздылығын атап өтті. «Елбасы айтқандай «қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман». Ал ойымыз ұшқыр, қателіктерге бой алдырмау үшін ұлттық тарихымыздағы асыл қазыналарымызды зерттеу, оның шынайы нәтижелерін жарыққа шығару қай ұрпақ үшін де жоғары міндет болып саналған»,-деді ол.
Зияткерлік байқауға қатысқан 9 сот маманы «Туған өлкем – тарихым», «Билердің сөзі – ақылдың көзі», «Рухани жаңғыру» атты үш кезең бойынша бақ сынасты.
Қатысушылар өзінің туған жерінің тарихын кеңінен әңгімелеп, облыстық соттың музейіне тарихи экспонаттарды табыстады. Сондай-ақ, Асан қайғы, Қазтуған жырау, Төле, Әйтеке, Қазыбек билер, атақты ақын, жыраулар мен ұлы Абайдың нақыл сөздерін жалғастыру бойынша тапсырмаларды орындап, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қойылған міндеттер туралы танымдық сұрақтарға жауап берді. Байқау барысында көрермендер назарына бейнероликтер мен сазды нөмірлер де ұсынылды.
Сайыс соңында әділқазылар алқасы байқаудың жоғарғы деңгейде өткендігін атап өтіп, жеңімпаздарды анықтады. Қорытынды бойынша 1 орынды Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының жетекші маманы Алтынай Молдаш, 2 орынды Қазалы аудандық сотының жектеші маманы Берік Керуенбаев, 3 орынды Байқоңыр қалалық сотының жетекші маманы Малика Алтыруова иеленді. Белсенді қатысушыларға ынталандыру марапаты табысталды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<