Кейде бір әулеттің жүрек қалауымен атадан балаға жалғасатын сүйікті кәсібі болады емес пе? Мысалы диқандар, көлік жүргізушілер әулеті, сауда саласын таңдағандар. Дәл сол сияқты Пазылбековтар әулетінің де ер-азаматтары теміржолдың байланыс саласын таңдапты. Егер ерінбей есептейтін болсақ, әулеттің теміржол мекемесінің байланыс саласындағы еңбек өтілі жүздеген жылды қамтиды екен. 1976 жылы өмірге келген, бүгінгі күні ШЧ-40 Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясы басшысының СОБ (сигнализация, орталықтандыру және бұғаттау) жөніндегі орынбасары болып қызмет жасайтын Оралбай Пазылбековтің өзінің ғана еңбек өтілі 31 жыл.
Арал ауданы, Қамыстыбас елді мекеніне қарасты №92 «Сорбеткей» бекетінде дүниеге келген Оралбайдың үш ағайынды болған әкесі Айсары, Қуанышбек, Жансары да осы мекеменің ыстығына күйіп, суығына тоңып еңбек етіп зейнетке шықса, өзінің баласы да, аға-інілері де осы мекемеде және теміржол саласында еңбек етіп жүр.
Оралбай еңбек жолын 1995 жылы №93 «Үкілісай» бекетінде Қазалы ШЧ-40 белгі беру және байланыс дистанциясының СОБ электромонтері болудан бастады. Сол жылы Ақтөбе қаласыдағы СОБ электромеханигін даярлайтын оқу орнында білімін жетілдіріп келгеннен кейін, «Үкілісай» бекетінде қызмет етті. Бүгінде екі ұл, екі қызды өмірге әкеліп, олардан үш немере көріп отырған жары Жібек Әбжамиқызын да дәл сол жылы, сол бекетте жолықтырды.
Қызмет бабымен 1998 жылы СОБ электромеханигі болып тағайындалып, Қамыстыбас елді мекеніне қоныс аударды. Оралбай – теміржол көлігіндегі сигнализация, орталықтандыру және бұғаттау жүйелерінің, сондай-ақ автоматты басқару құрылғыларының дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, техникалық қызмет көрсететін маман. Сонымен қатар, бағдаршамдарды, электр жетектерін, рельстік тізбектерді және орталықтандыру құрылғыларын тексеру, пойыздардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін ақауларды жедел анықтап, оларды қысқа мерзімде жөндеу, аппаратуралардың жұмыс қабілетін арттыру үшін жоспарлы техникалық тексерулер жүргізу де СОБ электромеханигінің міндетіне жатады.
− Ең алғаш 1995 жылы №92 бекетке СОБ электромонтері болып жұмысқа қабылданғанымда, сол бекеттің электромеханигі Олжабай Әлиев ағамнан көп нәрсе үйреніп, тәжірибе жинақтағанымды ұмытпаймын. «Қамыстыбас» станциясында он жылдай сапалы қызмет атқарғаным үшін Бекбауыл және Шөміш аралығына аға СОБ электромеханигі болып бекітілдім. Ал 2020 жылы Сексеуіл-Қазалы аралығының телім бастығы болып тағайындалдым. Біздің мекемеге қазір жаңадан Сексеуіл-Жезқазған желісі, соған сәйкес теміржол қауіпсіздігін басқарудың МПЦ–QZ деген жаңа сандық жүйесі, өзіміздің қазақстандық жаңа өнім іске қосылды. Бұл – жауапкершілігіміз де екі есе артады деген сөз, – дейді ол.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Үздік маман», «Адал еңбегі үшін», «Қазақстан теміржолына − 80 жыл» төсбелгілері, отыз жылдағы марапаттары – Оралбайдың еңбегінің өтеуі.
Жауапкершілікке толы жылдар өз жемісін берді. Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының бастығы Арнұр Дінахметовтің сенім білдіруімен Оралбай Пазылбеков қазіргі уақытта Қазалыға қоныс аударып, мекеме бастығының СОБ жөніндегі орынбасары болып қызметін жалғастырып жатыр.
Әлімжан ҚИЯС.
Қазалы ауданы





